АУДАНАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

АУДАНАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Бүгінде ел азаматтары ас беру, еске алу, мерейтой және басқа да айтулы даталарды бұқаралық спортпен етене байланыстырып, көкпар, футбол секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізуде. Бұл өз кезегінде жасөспірімдерді спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға орасан зор септігін тигізуде.

Жуырда Шайдана ауылының құрметті азаматы Жұмаділ Күнұзақұлының 100 жасына арналған кіші футболдан еске алу турнирі өтті.

Алдымен марқұмның ет-жақындары мен туыс-туғандары ауылдық «Сәтбай ата» мешітінде ас беріп, дүйім жұртты ақ дастархан басына жинады. Көз көрген қариялар Жүмаділ Күнұзақұлының өмір жолы мен көркем мінезін тілге тиек етіп, естеліктерді ақтарды. Ауыл имамы Сәтінбек Тоғатаев марқұмның рухына құран бағыштады.

Кеш қарая «Шайдана-Алмаз» спорт кешенінде кіші футболдан ауданаралық турнир өтіп, оған 12 команда қатысты. Турнирдің ашылуында сөз алған «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының жетекшісі Азамат Құрбанов ойынның өту тәртібін түсіндіріп, команда ойыншыларына сәттілік тіледі.

Тартысты әрі қызықты өткен турнирдің жеңімпаздарын «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының жетекшісі Әділ Байұзақов марапаттады. Айқын басымдылықпен «Шайдана 1996» командасы қарсылас шақ келтірмей, өзге ауданнан келген командалардан басым түсті. Ал азғана сәттілік жетіспеген «Шайдана 1999» командасы финалда тізе бүгіп, екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші және төртінші орынды «Шайдана-Алмаз» және «Шайдана 1989» командалары місе тұтты.

Сондай-ақ «үздік қақпашы» Ілияс Алмабеков (1999), «үздік шабуылшы» Әділет Нұрғайын, «үздік ойыншы» Елдар Әуесхан арнайы номинациялармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.