Аихожаевтің аялы алақаны

ДӘРІГЕР, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!
АИХОЖАЕВТІҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ
Сыр сандыққа үңіле қарасақ, күллі әлемдегі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген қазына емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орнын бір ауыз сөзбен түйіндеу әсте мүмкін емес. Кез келген адам өз өмірі жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарының жылулығын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, азаптаған ауруынан айықтырып, жанына – дауа, тәніне – шипа, деніне – саулық болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, жүректің жылулығымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырытын да ақ халатты абзал жандар. Адам баласы ата-анадан кейін осы жандарға қарыздар. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер – адам жанының арашасы, зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, анадай мейірімді болуы керек» деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөзі бар. Арыстандай дегені еш нәрседен сескембейтін өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, баласының табанына кірген тікеннің өзін сезетін, әр науқасқа сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс.
Қоғамда мұндай жанашыр жандар жетерлік. Сөз құрап отырып, оның мысалына да кезек келіп қалыпты. Дәлме-дәл айтқан қасиеттерді бойына жинаған, ақ халатты абзал жан Жетпісбай Аихожаевтың өмір жолы осындай мейрімділік, жанашырлыққа және де шытырман оқиғаға толы. Бүгінде аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Бұзауұлын танымайтын тұрғындардар кемде-кем шығар.
Қашанда науқас жанды құшақ жая қарсы алып, аяқтан тұрғанға дейін ем-домын жүргізетін ол 1962 жылы 18 қарашада Шымкент облысы, Созақ ауданы, Аққолтық елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1979 жылы Шоқан Уалиханов орта мектебін бітіріп, 1979-1982 жылы аралығында Түркістан қаласында медициналық училищесінің фельдшер мамандығын тамәмдаған. 1982-1984 жылдары аралығында Белоруссия қаласында әскери қызметін өтеп, 1985 жылы Алматы қаласы Асфендияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1991 жылы оқу ордасын үздік аяқтап шығады. 1991-2010 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасында хирургі болып еңбек жолын бастап, талай жуалылықтардың алғыс-алғауына бөленеді. Содан Жетпіс Бұзауұлы 2010 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасына ауысып, 2013 жылдан бері хирургия бөлімінің менгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Құдай қосқан қосағы Мира Көшкімбаева да дәрігерлік жолды таңдап, бір–біріне арқа сүйеп отыр. Алла нәсіп еткен екі қыздарының қатары толығып, немере тәттілігін көріп отқан жандар Алладан кейінгі жан сақшылары қызметінде аянбай еңбектеніп келеді.
– «Ұрпақтың денсаулығы – ұлттың саулығы» деп бекер айтылмаса керек. Дана халқымыз «Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деп те айтады. Медицинаның атасы Ибн Синаның: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген екен. Осындай игі қасиеттер бойынан табылатын дәрігер ғана халықтың сүйіктісіне айналмақ. Сол себепті де дәрігерлік – жауапты мамандықтың бірі. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Біздің бөлімнің негізгі міндеттері де – осы. Әріптестердің көмегінсіз біз бедел биігіне шыға алмаймыз. Қандай жиын болса да әріптестерім – ақ халатты абзал жандарды мақтан етіп отырамын. Өмір жолымда осы күнге дейін 3000 жуық ота жасаппын. Операция үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде біздер адам өміріне тіршілік нәрін беремін деп жанталасып жатамыз. Өмірде түрлі оқыс оқиғалар кездеседі. Алла берген қасиет болғаннан кейін қолдан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Жол апаты, жазатайым оқиғалар салдарынан дене жарақатын алған азаматтардың саны өте көп. Оларға үміт отын сыйлау үшін кейбір кездері ауруханада түнеуге тура келеді. Ауыр ота кезінде таң атқанға дейін қалған күндері пәтерімді әлдекімдер тонап кеткен жағдайларда кездескен болатын. Дегенмен, мен өзімнің мамандығымды жанымдай жақсы көрем. Бүлдіршіндерге де ауыр оталарды жасаған кезде жаныңды шүбереке түйіп, өмір жарығын енді көре бастаған жан иелеріне қатты алаңдайсың. Бірақ қорқынышты жеңіп, ата-аналарына қуанышты жаңалықпен ораламын. Бұл менің – өмірлік бағытым. Мен мамандығымсыз өзімді елестете алмаймын. Әлгінде айтқандай жол апаты жиі орын алатын учаскелер болады. Сондай қауіпті аймақтарға қажетті жол белгілері орнатылса, билік жол көлік оқиғалары көптеп орын алатын жолдардың статистикасына назар аударып, тиісті шаралар қабылдаса дейсің. Бәлкім оқыс оқиғалар саны азаяр ма еді дейсің. Бүгінде біздің бөлімнің басты ұстанымы – науқастың көңіл-күйі. Қызметкерлер бұл жұмыстарды жылулықпен атқарады. Науқастарда мұны сезініп, ризашылғын білдіріп жатады, – дейді Жетпісбай Бұзауұлы бізбен әңгімесінде.
Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Еңбек өтілі 32 жылға жуықтаған ақ жейделі жан туралы науқастардың айтары да көп. Тіпті, дәрігерді арнайы іздеп келетін тұрғындардың да қарасы көп. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен Жетпісбай Аихожаев адам жанының инженері десек артық айтқанымыз емес.
– Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандарды бірі, аудандық орталық ауруханасының хирургі Жетпісбай Аихожаевты айтар едім. Қай кезде барсаңда күлімдеп, жайдарланып қарсы алады. Ем-дом көрсетіп, әр күн сайын таңғы сағат 07:00-де палатадағы нақастардың жағдайын сұрап отырады. Міне, нағыз дәрігер дегеніміз осы. Жаныға рахат сыйлап, көңіліңді көтерітін Жетпісбайдай дәрігерлер және оның қарамағындағы медицина қызметкерлері көбейе берсін. Біліктілігі мен тәжірибесіне басымды иемін, – дейді тұрғын Қанат Рәшімбайұлы.
Жетпісбай Аихожаевтың есіл еңбегі еленбей қалған емес, бірақ мақтанудан да алшақ. Дәрігердің аудан, облыс көлемінде түрлі деңгейде марапатында сан жоқ. Соның ішінде 2010 жылы «Шапағат» медалі Бұзауұлына ыстық көрінетін секілді.
Әлбетте, дәрігер үшін халықтың алғысынан артық баға жоқ. Дертінен айыққан әрбір жанның шынайы ықыласы мен ризашылығы екі өмірде де жақсылыққа жетелей беретіні сөзсіз. Адам саулығын өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, жұрт өмірінің сақшысы бола білетін азаматар әрқашан аман болсын.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Leave A Reply

Your email address will not be published.