Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлаушыларға жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Өйткені, ауылды жерлерде мал – ауыл халқының күн көрісі, нәпақа, берекесі. Ол азық қана емес, бүгінгі күні нағыз табыс көзінің өзі. Осы орайда оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің де қатары артып келеді. Яғни, өзгенің өрісіндегі төрт түлікке барымташылардың көз тігуі өршіп тұр.
Сондықтан да Қарой ауылдық округінде мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті бұзу және жолын кесу, бөгденің мүлкін, сондай-ақ малын ұрлаудың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. 2020 жылдың ақпан айында ҚР Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына «Мал ұрлығы» деген жаңа бап енгізілген болатын. Онда ең ауыр жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, әрбір адам өзінің дүние мүлкіне бас-көз болып, қараусыз қалдырмаса кез келген ұрлықтың алдын алуға болады. Ол үшін ауылдық елді мекен тұрғындары малын сырғалап, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Сонымен қатар малын жайылымға қараусыз жібермей, бақташыға қосуы тиіс.
Айтмұханбет ДІГӘР,
Қарой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі.