Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен ауданда болып, Ерназар, Тоғызтарау ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, қолға алынған құрылыс жұмыстары мен әлеуметтік нысандарды аралады. Әуелі аймақ басшысы Ерназар ауылдық округіне ат басын бұрып, Президент Жарлығына сәйкес жергілікті жұртпен жүздесті.
Мәселеге орай облыс әкімі Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы несие алынғанын, дегенмен құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты көп мәселелер зерделенгенін жеткізді.
– Өңірде 257 канал жөнделмей қалып тұр. Біз сол каналдарды өзімізге қабылдап, жобалықсметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Олардың барлығын жөндеуге алдын ала болжам бойынша 32-33 миллиард теңге қаражат қажет. 2024-2025 жылға дейін аталған каналдар жөнделуі тиіс. Осы ауылдың каналын да тізімге кіргізу керек, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар Нұржан Молдиярұлы биыл Қырғызстаннан келетін су екі есе артығымен жиналғанын, соған қарамастан заманауи суды үнемдейтін технологияларды пайдалану керектігін айтты.
– Облыста жаңбырлатып суару технологияларын қолдану жылына он мың гектарға артып келеді. Аймақта тоқсаныншы жылдары 44 мың гектар қызылша егілген. Бүгінде мың центнерден алып жатқан шаруалар да бар. Біз осындай тәсілге көшіп, жердің астындағы суларды пайдалануымыз керек. Ғалымдар өңірімізде тәулігіне 4 миллион текше метр өзінің қалпына келетін су көлемі бар екенін айтып отыр. Осыны игілікке пайдалануымыз қажет, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Тұрғындар ауыл іргесіндегі көлге су толығымен жиналса, соның өзі елді мекенге жетер еді деген талап-тілегін жеткізді. Қазір ауыл көлінде 2,5 миллион текше метр су бар екен. Ал жалпы көлемі 4 миллион текше метрді құрайды. Облыс әкімі биыл каналдарға жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, су жинау кеш басталғанын айтып, алдағы уақытта суды толығымен жинауды тапсырды.
– Ағынсудың 80 пайызын Қырғызстаннан аламыз. Облыста үлкен 7 су қоймамыз бар. Соларға қазір жүз пайыз су жиналды. Одан бөлек, 113 кіші су қойма бар. Жамбыл ауданына қарасты кіші қоймаларға 85 пайыз су жиналды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр – деді облыс басшысы.
Басқосуда ауыл тұрғыны Қайсар Нұрмахаев жерасты суының 20-30 метр тереңдікке кетіп қалғанын, ауыл ішімен жүретін жүк көліктерінің мәселесін және ауыл жастарының жұмыспен қамтылуын көтерді. Аймақ басшысы 30-40 тонналық ауыр жүк көліктері ауыл ішімен емес, айналмалы жол арқылы өтуі үшін арнайы жол белгілерін қою туралы жауаптыларға тапсырма берді. Сонымен қатар ауылдық округтегі 1643 тұрғынның 523-і жастар екенін айта келе, 2,5 пайыздық несие арқылы жұмыссыз жастардың мәселесін шешуге болатынын жеткізді.
– Ауылдық жерлерге 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Бұған дейін несие қаражатын 24 ауылдық округке таратып бердік. Биыл 26 округке таратып береміз. Ауданда 6 ауылдық округ кірген. Қалғанына да берілетін болады. Жастарымыз сол несиені алып, жұмыс істеуі керек, – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары Ермұхан Мәжіхан кәсібін ілгерілету үшін қолдау сұраса, Төрехан Бизақұлы ауызсу 280 үйдің 40 пайызына ғана жетіп отырғанын, оның өзінде тіршілік нәрі 2-3 сағатқа берілетінін, құбырлардың әбден ескіргенін жеткізді. Ауызсуға байланысты аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы 692 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойғанын, іс тек қаражаттың бөлінгенін күтіп тұрғанын айтса, облыс әкімі аймақта 82 елді мекенде мүлдем ауызсу жүйесі жоқтығын тілге тиек етіп, келесі жылы ауызсудың мәселесі кезеңкезеңімен шешілетінін жеткізді. Бұл күні облыс басшысы Байгелді Кейкиев атындағы орта мектепті аралап, білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы Өрнек ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы нысанның құрылысы былтыр тамыз айында басталғанын, м е рд і ге р і « Авторемстрой ЛТД » жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін, кешеннің құрылысы биыл қараша айында толығымен аяқталып, ел игілігіне беру жоспарланып отырғанын, ол үшін бюджеттен 313 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылғанын атап өтті. Заманауи кешеннің құрылысы аяқталса, онда күрес, бокс және жаттығу залы тұрғындарға қызмет көрсететін болады. Облыс басшысы құрылыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырды. Ал Өрнек дәрігерлік амбулатория сының ғимараты 2011 жылы салынған. Пайдалануға берілгеннен кейін үш жыл ішінде жаңа ғимараттың сапасы сыр бере бастаған. Қазіргі таңда нысанның қабырғалары сөгіліп, құлауға шақ қалған. Аймақ басшысы денсаулық сақтау нысанының жай-күйімен жанжақты танысып, ғимаратқа мамыр айында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттары сараптамада. Ауыл тұрғындарын алаңдатып келген бұл мәселе де биылдан қалмай шешімін табатын болды. Нұржан Молдиярұлы ауылдағы №17 Жамбыл колледжінің жайын да назардан тыс қалдырмады. 1978 жылы пайдалануға берілген оқу ордасы техникалық мамандық даярлайтын 240 орынға шақталған. Облыс басшысы колледждің материалдықтехникалық базасымен толық танысып шықты. Қазіргі таңда колледжде 154 бала білім алуда. Мұнан соң аймақ басшысы Тоғызтарау ауылының тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түрді. Әуелі ауыл тұрғыны Еркін Қадыров газ мәселесін көтерді. Айтуынша, бұған дейін де көгілдір отын мәселесі көтеріліп келген. Ауыл тұрғыны аймақ басшысынан осы мәселенің түбегейлі шешілуіне ықпал етуін сұрады. Облыс әкімі көгілдір отын Қаратаудағы газ стансасынан тартылатынын, ол үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын атап өтіп, өндіріліп жатқан табиғи газдың көлемі жеткілікті болса, қаражат қарастырылатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Пернебек Әбу ауызсудың жайын қаузады. Ол бойынша да сметалық құжаттар сараптамаға жіберілген екен. Облыс басшысы сараптаманың нәтижесін күтуді айтты. Сол секілді тоғызтараулықтар да ағынсудың мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі тарапынан «Сұлтан» каналын «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне өткізу туралы ұсыныс айтылды. Облыс басшысы «Қазсушар» өкілдеріне тек суды жеткізе алатын шаруа қожалықтармен жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар алдағы 3-4 жылдың көлемінде облыста жалпы 180 мың гектар суармалы жер болса, соның барлығы жүз пайыз тіршілік нәрімен қамтылатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Кендебай Оңғарбаев округтегі мектептердің мәселесін көтерді. Айтуынша, ауыл мектептерінде сынып бөлмелері жетіспейді, ғимараттың тозығы жеткен. Білім ошақтарына қосымша асхана мен спорт залы қажет. Аудандық білім бөліміне де сан мәрте мәселені жеткізген. Бірақ нәтиже болмаған. Биыл облыста 22 мектеп бой көтеретінін жеткізген аймақ басшысы аудандық білім бөлімінің мамандарына белсенді жұмыс істеуді тапсырды. Басқармамен жұмыс болмаса, бұл мәселе шешілмейтінін айтты.
Жиын соңында облыс әкімі ауылдық округ тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сапарының соңында Нұржан Молдиярұлы Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық имарат құрылысын салу жұмыстарының барысымен танысты. Нысанның бас мердігері «АйДин Тараз құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын жыл соңына аяқтауды жоспарлап отыр.