«Тәуелсіздік» дегенде есіңе ең бірінші «қазақ» деген жаны сыр өз халқымыз түседі. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына дейін де қазақ халқы қаншама зұлматтарды басынан кешірді. Тарих қойнауына үңілсек, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін 350 жылдай уақыт жан алысып, жан берісіп келіппіз. Ежелгі ата-бабаларымыз Қаратаудың басынан көш келгенін, көш келген сайын бір тайлақ бос келгеніне куә болып, көздерінен қанды жас ақты.
Иә, тәуелсіздік бізге найзаның ұшына іліккен қанмен келді. Бұл жолда қазақтың ұлы даласы қаншама біртуар хандар мен билерді, батырларды дүниеге алып келді. Олардың барлығы да қасық қаны қалғанша ел азаттығы үшін жанталасып бақты. Небір қуғын-сүргінді бастан кешірген ұлтымыз тарыдай шашырап, өзге мемлекеттерге қоныс аударды, қуғын-сүргінге ұшырап, ашаршылық жылдарын басынан өткерді. Бұның барлығы қазақ халқын сан жағынан ойсырата кемітті.
Шүкір, бүгінгі таңда сол Әлихан, Қайрат сынды алып тұлғалардың тұяғын басқан азаматтарымыздың орасан зор еңбегінің нәтижесінде ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік алу – қиын, оны сақтап қалу – одан да қиын» деген сөзінде үлкен мән-мағына жатыр. Абылай ханның басты арманы үш жүзге бөлінген халықтың басын біріктіру болса, сол арманды жүзеге асыруға еліміздің Тұңғыш Президенті бар күш-жігерін жұмсап бақты. Нәтижесінде, өткен ғасырларда өзге елге үдере көшіп кеткен қандастарымызды елімізге қайтарды, барлығымызды тәуелсіз елдің көк туының астына жинады.
30 жылды еңсерген егемен еліміз осы жылдар ішінде әлемдік деңгейдегі халықаралық іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Тек түркі тектес халықтардың арасында ғана емес, әлемдік аренада да еліміздің абыройы асқақтап, көк туымыз әлемнің әр түкпірінде желбірей бастады.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Қаншама жылдар күресе жүріп жеткен егемендігіміз 30 жылды артқа қалдырды. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90 жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Жастарымыз «Тәуелсіздік» деген қастерлі сөзді «тағдырдың сыйы» деп түсінетіні алаңдатарлықтай жағдай. Алайда шын мәніндегі ахуал олай емес.
Елбасы сол кездегі экономикалық, саяси, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты мәселелерді жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыру керек. Бұл – Қазақстанның жаңа тарихын жүйелі зерттеуді талап етеді.
Жалпы, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыған орай, мектеп жасындағы балалардан бастап талапты жастарымыздың білімін шыңдап, талантын аша білу – еліміз үшін аса маңызды бастамалардың бірі екенін сезінуіміз қажет.
Яғни, біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы – жеке тұлға. Олар өздерін Отанымыздың жеткен әр жетістігіне қатысы бар азамат екенін сезініп, мақтан тұтуы керек. Себебі, ел болашағы – креативті жастардың қолында. Ал, бұл болашақтың негізі мектеп қабырғасынан қаланбақ. Сондықтан әр ұстаз оқушы бойына еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыра білу – өте маңызды. Себебі, Тәуелсіздік Туын көкке желбіретуші күш – жастар!
Балжан Әлмерекова,
Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.