Таяуда №17 Жамбыл колледжінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Н.Күдербаев пен бөлім инженері, азаматтық қорғау аға сержанты Д.Ақсақалов кәсіптік білім беретін ұжыммен өрт қауіпсіздігі бойынша кездесу өткізді.
Сала мамандары жыл сайын жоспарлы түрде тексеру шараларын, шұғыл жағдайлардағы іс-әрекеттерге дайындықты ұйымдастыру мен қырағылықты күшейтуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп отырады.
Олар оқу орнының мұғалімдерін төтенше жағдай туындаған кездегі іс-әрекеттерді үйлестіру, өрт қауіпсіздігі қағидаларының орындалуы мен талаптарының сақталуымен таныстырды.
«Білім беру мекемесінде өрт бола қалған жағдайда не істеу керек?» деген сұраққа Нұржан Нұрланұлының жауабы: «Ең әуелі, сабыр сақтау керек. Мұрын мен ауызды сулы матамен тұмшалап, жалын мен түтін жылдам таралмауы үшін есік пен терезені жабу қажет. Көп мөлшерде су болса, кабинеттің есігі мен еденіне шашқан дұрыс. Өрт дабылы жарияланған кезде білімгерлер мұғалімнің нұсқауымен бөлмеден біртіндеп шығуы керек. Соңғы шыққан баладан кейін ұстаз кабинеттің есігін мықтап жапқаны жөн. Өрт сөндірушілер келгенде мектеп директоры немесе оның орынбасарлары дереу іште қалған адамның саны мен олардың болуы мүмкін орындарын хабарлауы керек. Жедел жәрдем келгенге дейін түтіннен немесе жалыннан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілуі қажет. Өрт cөндірушілер рұқсат бермейінше киім, кітап, құжат және тағы да басқа бағалы заттарды алу үшін жанып жатқан ғимаратқа оралуға болмайды».
Кездесу соңында өрт адам өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін тілсіз жау екені түсіндіріліп, туындаған шұғыл жағдайда білім беру мекемесі басшылығының жедел түрде іс-әрекетке көшуі және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы арнайы әзірленген жадынама парақшалары таратылды.
Жәнібек АСАНОВ