Екпе алу – ең тиімді шешім

аудан тұрғындарының 95 пайызы вакцина салдырған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 1 ақпаннан бастап тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Аты жаман індеттің екпінін қайтару мен ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бұл шараның өте маңызды екенін денсаулық сақтау саласының халықаралық сарапшылары мәлімдеп отыр.

Қазіргі таңда ауданда екпе егу жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленовтен сұрап білген едік.
– Бастапқыдай емес, тұр­ғын­дар­дың вакцинаға деген көзқа­расы өзгерген. Басым көп­шілігі ауруханаға өз еркімен келіп, ектіріп жатыр. Жалпы коронавирусқа қарсы екпе 21 күн аралықта екі кезең бойынша жүргізіледі. Яғни, бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін енгізуге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екіншісі біріншінің әсерін күшейтеді. Екпе егу 18 жастан бастап жүргізіледі. Ал, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар екпені 3 айдан кейін салдыруға болатынын ескерген жөн. Сондай-ақ, науқаспен байланыста болған азаматтар карантин мерзімі біткен­нен кейін екпе салдырғаны дұрыс.
Ауданда отандық «QazVac», ресейлік «Спутник-V», «Hayat-Vax», «Verо Cell Sinopharm», «CoronaVac» вакциналары қолданылуда. Екпе жүкті әйелдерге, ауыр дәрежелі аллергиясы бар адамдарға, вакцина құрамындағы заттарға сезімталдығы жоғары жандарға салынбайды.
Жергілікті жұртшылыққа қолайлы болуы үшін елді мекендердегі амбулаториялық, фельдшерлік, медициналық пункттерде екпе ектіруге жағдай жасалған. Ал, кейбір ауыл азаматтарының өтініші бойынша ақ халаттылар тұрғындардың үйіне өздері барып салуда, – дейді Нұрмахан Досмұханұлы.
Бүгінде аудандық емханада вакцина салу үшін 2 екпе егу бөлмесі және 1 екпеден кейінгі бақылау бөлмесі жасақталған. Бөлмелердің барлығында профилактикалық екпе жұмыстарын жүргізудің стандарты бар. Иммундау үшін медицина мамандары арнайы курстан өткен.
Бұл туралы аудандық орталық ауруханасы әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету-сауықтыру бөлімінің меңгерушісі Жадраш Тотаева айтты.
– Емханаға келген екпе алушыларды дәрігерлер қабылдап, олардың денсаулығын тексереді. Эпидемиологиялық анамнезін анықтап, вакцина қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілімнің жоқтығына көз жеткізеді. Ең алдымен пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Одан әрі екпе егу бөлмесіне жіберіледі. Онда дәрігер вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шарасы туралы айтып, екпеден соң жеңіл және орташа дәрежеде жағымсыз әсерлердің үш күн ішінде болуы қалыпты жағдай екенін түсіндіреді. Екпе алып болған соң 30 минуттай медициналық бақылау аймағында дәрігердің бақылауында болады. Бүгінде аудан бойынша вакцинаның бірінші компонентін 36061 адам қабылдаса, екіншісін 33348 азамат салдырған, – деді дәрігер.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.