Тағдыр жазуымен саулығына кінәрат артып, қоғамнан шеттеу қалып жүрген қамкөңіл жандардың жанына жалау болып, қол ұшын созу – қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Соның ішінде қызметі қауырт, күндері ерекше ережеге құрылған әлеуметтік сала мамандарына жұртшылықтың шынайы жүрек жылуы алғаусыз.
Жуырда Қордай ауданында осындай қиын да қажырлы, қажетті мамандықты таңдаған жандардың төл мерекесі қарсаңында «Ең үздік әлеуметтік қызметкер» атты облыстық байқау өтті.
Аталмыш сынға ауданымыздан «Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудандық филиалының әлеуметтік қызметкері Индира Тұяқбаева қатысты.
Бірнеше бөлімнен тұрған байқауда жерлесіміздің мүмкіндігі шектеулі балалармен тілдесуі, олармен дидактикалық жұмыс жасауы көрсетілген бейнебаяны, қызметіне қатысты сауалдарға ықыласпен жауап беруі, мың бұралған биі мен патриоттық тақырыпта мәнерлеп оқуы оның белсенділігін көрсетті.
15 әлеуметтік қызметкер қатысқан бәсекеде облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев Индира Дәулетбекқызын «Креативті маман» номинациясымен марапаттады.
– Жұмыстың жеңілі жоқ. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, қиындық көріп, өмірден түңілген адамдармен жұмыс жасау өте қиын. Күнделікті өмірде осындай жандардың көңілін табумен қатар күрделі міндетте сабырлылық танытып, өз жігерімізді де жандыруға тырысамыз. Олардың келешегіне дем берумен келе жатқан әріптестерімді бүгінгі айтулы мерекемен құттықтаймын, – дейді марапат иесі.
Қанша қиын болса да, мехнатқа мойынсынбай, жабыққанға жүрек жылуын ұсынып, халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірді астастыра білген сала мамандарының жұмысы қашанда құрметке лайық.
Жәнібек АСАНОВ