Балтабаевтар отбасының бағы жанды

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын басшылыққа ала отырып «Парасатты отбасы» байқауын ұйымдастырды.

Байқаудың негізгі мақсаты парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы ауызбіршілікті, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, озат ойлы, парасатты, қайырымды оқушыны анықтау болатын.
Жуырда М.Төлебаев атын­дағы өнер мектебінде «Парасатты отбасы» байқауының қорытындысы шығарылды. Тамыз айында бастау алған байқаудың мектепішілік кезеңіне әртүрлі салада жұмыс істейтін 1117 отбасы қатысып, үздік деп танылған 24 отбасының бейнебаяндары аудандық кезеңге жолдама алған болатын.
Байқауға қатысушы отбасылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен азаматтық ұстанымдарына назар аударылды. Қатысушылар парасаттылық, адамгершілік үлгілерін көрсететін 4-5 минуттық сапасы жоғары бейнебаян дайындады. Сайыстың іріктеу кезеңінде балалары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, парасатты, отбасы құндылықтарын қадірлейтін, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттер оқыған отбасылар іріктеліп, жеңімпаз деп танылды.
Сайысқа қатысушылардың түйіндемелері мен ұсынылған роликтерінің номинацияларға сәйкестігі, ішкі мазмұнының тақырыпқа сай болуы, негізгі идеясы мен мазмұнының ерекшелігі, тақырыптың негізгі идеясын аша білуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы үлгісіне сәйкес сараланды.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен Балтабаевтар отбасы – «Парасатты отбасы» (Айшабибі орта мектебі), Әбубакировтар – «Үздік оқырман отбасы» (Бірлесу-Еңбек), Сүлейменовтер – «Интеллектуалды отбасы» (Абай), Байдалиевтер – «Көптілді отбасы» (шығармашылық орталық), Майнашевтар – «Шеберлер отбасы» (Б.Тайшапов), Орғановтар – «Өнерлі отбасы» (Б.Бесбаев), Амалбаевтар – «Жомарт отбасы» (Б.Бесбаев), Жұмаш – «Саяхатшы отбасы» (Гродеково), Дүйсебаев (№6) және Ерубаевтар – «Өндірістегі үздік отбасы» (Б.Момышұлы), Бекзадаев (Айшабибі) және Дүйсенбиевтер «Ең салауатты отбасы» номинацияларымен марапатталды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова номинация иегерлерін құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.
– Қазақ халқында береке-бірлігі жарасқан парасатты отбасылар өте көп. Әрине, көпке үлгі осындай отбасылар барда мемлекетіміздің тұғыры биік болып, өркендей береді. Өнегелі отбасы ретінде еліміздің абыройын асқақтатып, көптің ықыласына бөленіп жүре берулеріңізге тілектеспін, – деді Раушан Пернешқызы.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.