Көпбалалы ана баспаналы болды

Бірлік берекенің бастауы еке­нін ұғынған Бесағаш пен Түрксіб ауылының тұрғын­дары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген 4 отбасыға баспана салып берді.

Атап айтар болсақ, өткен жылы жұдырықтай жұмылған жұртшылық 5 миллион тең­геге ата-анасының қарауынсыз қалған бір балаға, 3 миллион теңгеге ауылдың имамына, 5 миллион теңгеге мүмкіндігі шектеулі жанға қоныс сыйласа, күні кеше түрксібтік көпбалалы анаға баспана кілтін табыстады.

Түрксіб ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс істейтін Гүлзина Тыныбекова 20 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Құрсағынан өрбіген 6 баланы бір өзі бағып-қағып отырған ана ешкімге қол жаймай-ақ өмір сүріп келеді. Дегенмен ауыл тұрғынының жайынан хабардар Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев Түрксіб ауылы ақсақалдарының басын қосып, баспанамен қамту мәселесін көтерген.
Қайырлы іске ден қойған түрксібтіктер жылу жинап, Кемел ауылындағы Сұлусаз көшесінен 4 бөлмелі пәтер сатып алады. Ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері үйдің құжатын ретке келтіріп, заңдастырып берді.
Көпбалалы ананың қуанышына арнайы келген аудандық мәслихаттың хатшысы Райымбек Сейітов ауылдағы ағайынның ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің арқасында Бесағаш пен Түрксіб елді мекенінде 2 жылда 4 баспана берілгенін мақтанышпен айтып, ізгі істің басы-қасында жүрген Болат Айдарбековке, ауыл қарияларына шексіз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қайырлы амалға иілген ауылдың имамы Қыдырбай Тәжібаев та үй иесіне қос кілемді тарту етті.
Ауыл азаматтарын мақтан тұтатынын жеткізген Бейбіт Сұңғатұлы өз сөзінде: «Әр игі істің басында жүрегі жылулықтан жаралған адам тұратыны белгілі. Міне, сондай азаматтың бірі – Болат Әбдіқұлұлы. Қайырлы амал десе аттан түсіп, көмектесуге әзір тұрады. Ауыл тұрғындарының басын қосып, ізгі амалдарға жетелейді. «Баспана – бақыт шамы» демекші, енді көпбалалы ана жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алатын болады. Осындай бастамаға қолдау білдіріп, үйге мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап жүрген ауыл тұрғындарына алғысым шексіз, – деді ол.
Баспана қуанышына кенелген Гүлзина Нұрбекқызы ауыл тұрғындары мен жергілікті әкімдік қызметкерлеріне аналық алғысын білдірсе, ауылдың қадірлі қариясы Шәбден Байғабылов ақ батасын берді.
Айта кететін жайт, өткен жылы ауыл тұрғындарының көмегімен өңірде 10 баспана берілсе, биыл 9 үй пайдалануға берілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.