Ел бірлігі – басты құндылық

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Адамзат баласы үнемі тыныштықта, бейбіт өмір сүруді армандап келеді. Бірақ нақты өмірде оған ешқашан толық қол жеткізген емес. Әлемдегі одақтар мен мемлекеттердің, ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілікте күн кешуі үшін олардың өзара келісімі болуы керек. Бұл идея сонау 90 жылдары ескерілгенмен, бүгінде мұны әлемдік саясатта мәселе ретінде көтеріп, іс жүзінде бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен ел – Қазақстан.

Елбасы бір сөзінде: «Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз», – деген болатын.
30 жылға жуық уақыт ішінде әлем алдында абыройлы мемлекет атануымыздың бір себебі – бейбітшілік пен келісім және осы бағыттан таймай жүрген халқымыздың ұлттық бірлігі. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлтаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ұлтаралық татулық – тек ел ішіндегі береке-бірліктің негізі ғана емес, сан ұлыстың өкілі өз тілі мен мәдениетін меңгеріп, еркін күн кешуі. Түрлі этностардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі әлемдегі өзге мемлекеттердің ілтипатын тудырмай қоймасы анық. Бұл бағытта елімізде әлем елдеріне үлгі көрсететін бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде бұл ұйым түрлі елдермен дипло­матиялық қарым-қатынас барысында да бірегей дәнекер қызметін атқарып келеді.
Жамбыл облысына іссапармен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ильяс Буларов, Ерлан Саиров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, министрлік жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Хадиша Ерсеитова Жалпақтөбе ауылдық Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, жоғарыда айтылған жайттарды кеңінен сөз етті.
Бірлік бар жерде тірлік барын ұққан халықпыз. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатынын еліміздің соңғы жылдардағы тәжірибесі дәлелдеп берді. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, әлемдік беделі қалыптасып, ілгері басып келеді.
Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы және бұл жер бетінде қырғи-қабақ боп жатқан басқа елдерге үлгі. Халқымыздың, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілігі мен келісімін көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Басқосуда топ мүшелері осылай деді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Ауылдағы әрбір азамат қазақ тілінде сөйлеуге, оның аясын кеңейтуге, дамытуға баса мән беру керектігін алға тартты. Отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, жастардың бойына ұлттық патриотизмді сіңіру жайында ой бөлісті.
Жиында Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сәпілмәлік Тәжиев салмақты сөз сабақтаса, ауыл ақсақалы Абдулла Ибрагимов ізгі тілегін айтып, бата қайырды.
Бұл күні Гродеково ауылдық Мәдениет үйінде де алқалы топтың ауыл тұрғындарымен кездесуі болып өтті.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.