Көше кезген қаңғыбас иттер көбейіп барады

Қазір далада қаңғырып жүрген ит көп. Ең қорқыныштысы, олар айналасына қауіппен қатар ауруды да таратуы мүмкін. Өңіріміздегі көше кезген қаңғыбас иттердің адымын аштырмаудың амалы бар ма?

Халқымыз жеті қазынаның бірі санаған ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Құмай тазы деген сөзге қарағанда қаңғыбас ит деген тіркесті жиі қолданатын болдық. Өйткені, иесіз жүрген иттер көше-көшені кезіп, бүлдіршіндер үшін де қауіпті тіршілік иесі атанып отырғаны жасырын емес.
Мәселені реттеу үшін ауданда қандай шаралар қолға алынған?
Осы мәселеге байланысты сауалды Аса ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ержан Қалабаевқа қойғанбыз. Ол: «Үй жануарларын күтіп ұстау, бағу, қоғамдық орында алып жүру тәртібі ауыл тұрғындарына үнемі түсіндірілуде. Ветеринар мамандар мен әкімшілік қызметкерлері бірлесіп иттерді аулау жұмыстарын ұдайы жүргізгенімен, оларды азайту мүмкін болмай тұр. Кейде тұрғындардан өз итін атып беру туралы өтініштер де түседі», – деді.
Сондай-ақ, ол Аса ауылы аудан орталығы болғандықтан, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары аптасына екі рет жүргізілсе деген ұсыныстар айтылатынын жеткізді.

Аса ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Данияр Таубеков өз тарапынан қаңғыбас иттер мен олардың иелері бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, өткен 8 айдың қорытындысы бойынша 28 азаматқа итін қараусыз жібергені үшін ескерту түрінде хаттама толтырылғанын баяндады. Бұл – бір ғана округтің статистикасы.
«Жамбыл ауданының ветеринариялық стан­циясы» ШЖҚ КМК директоры Сәкен Нұржаубаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан бойынша 1551 қаңғыбас ит жойылған.
– Көшеде қарғы­баусыз, иесіз жүрген қаңғыбас иттермен қоса тұрғындар арасында асыраған иттерін жөнді қарамай, байламай, далаға қаңғытып жіберетіндер бар. Күшіктеген иттер де қаңғыбас иттердің санын толықтырып отыр. Олардың ең көп жиналатын жері – қоқыс полигондары. Бүгінде Аса, Бесағаш, Айшабибі, Полатқосшы, Ақбұлым, Қарой, Қаратөбе, Гродиково және Ақбастау ауылдық округтерінен осы мәселеге қатысты өтініштер көп түседі, – дейді Сәкен Әбілханұлы.
Жоғарыда аталған округтердің учаскелік инспекторлары осы бағытта қандай шара қолданып жатыр? Неге ескертумен шектеледі? Неге айыппұл салмайды? Қаңғыбас иттерді аулаумен ғана шек­телмей, тәртіп сақшысы тұрғын­дармен жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Ауыл ішінде келеңсіз жағдай орын алмас үшін мәселені мемлекет тара­пынан қыруар қаржы жұмса­май-ақ шешуге бола­тыны анық.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.