Кеңесбековтің келісті жауабы

Елдос КЕҢЕСБЕКОВ,
аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап – тұрғындардың тілегін ескеру, шешілу жолдарына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі басшыларға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету, азаматтардың сауалына жедел әрі нақты жауап беру, өтініштерін қанағаттандыру керектігін міндеттеген болатын.
Аудан әкімі Сәкен Арубаев та аппараттық кеңесте әлеуметтік желілерде және газет беттеріне жарияланған түйткілді мәселелерге ерекше назар аударуды, көтерілген сауалға қатысы бар басшылар уақыт оздырмай жауап беруді тапсырған болатын.
Жақында аудандық газеттің №72 санында Шайдана ауылының тұрғыны Амангелді Қоңырбаев газ тарту жұмыстары кезінде бірнеше ауызсу ұңғымаларының бүлінгенін айтып, соны қалпына келтіріп беруін өтінген екен. Әрине, орынды ұсыныс. Күнделікті жұмыстарға зерделеу жүргізгенімізбен, кейде кемшіліктерді байқамай қаламыз. Осындайда ауыл азаматтарының елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударып, орын алған олқылықтарды жергілікті билік өкілдеріне жеткізуі – құптарлық іс.
Жалпы, биыл өңірде 5 ауылға газ, 2 ауылға ауызсу жүйесі тартылып жатыр. Шайдана елді мекеніне мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 86 млн 960 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «ТАРАЗСТРОЙ-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Сіздің өтінішіңізді серіктестік өкіліне хабарлап, кемшіліктерді реттеуді тапсырдық. Жуық арада олқылықтың орны толтырылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.