Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында Жамбыл облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды.
9 шілде күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту және жобаны бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ербол Қарашөкеев өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
– Кітап – ұлттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің, парасат пен мәдениеттің қайнар көзі. Қоғамның дамуы, ең алдымен, азаматтарының білім деңгейі мен кітапқа деген құрметіне байланысты. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – деді өңір басшысы.
Бүгінде Жамбыл облысындағы 275 мемлекеттік кітапхананың кітап қоры 3 миллион 876 мыңнан асады.