Адам өмірі мен қоғам тыныштығын сақтау – күнделікті өмірдің басты қағидаларының бірі. Сондықтан қауіптің алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналып отыр.
Осы мақсатта аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Аса ауылындағы кәсіпкерлік және сауда нысандарын аралап, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесіп, қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, тұрмыстық газ жабдықтары мен электр желілерін қауіпсіз пайдалану, жаз мезгілінде балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлап кетуінің алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Аудан әкімі қауіпсіздік талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір отбасы мен әрбір кәсіпкер қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтаған жағдайда ғана төтенше жағдайлардың алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға болатыны айтылды.
Іс-шара барысында тұрғындар мен кәсіп иелеріне қауіпсіздік талаптары қамтылған арнайы жадынамалар таратылып, олардың көкейінде жүрген сауалдарға жан-жақты жауап берілді.
Мұндай профилактикалық кездесулер халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, құқықтық сауаттылығын нығайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Себебі қауіпсіз қоғам – әр азаматтың жауапкершілігі мен сақтық мәдениетінен бастау алады.