Ардагерді мерекесімен құттықтап барды

Қартын қадірлеп, ардагерін ардақтаған халықпыз. Халықаралық қарттар күні аудан әкімі Сәкен Арубаев Айшабибі ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасен ата Шаңбаевтың үйіне арнайы барып, мерекесімен құттықтады. Сый-сияпатын ұсынды.

Қарияның өтініші бойынша өңір басшысы аудан өнерпаздарын шақыртып, сағындырған әндердің қоржынына кезек берді. Жасы шау тартқан қария «Тау ішінде» әнін әншілермен бірге шырқап, жайдарланып қалды.
Мерекемен құттықтай келгенін айтқан Сәкен Қаланұлы: «Халықтың мүддесін биік қойып, кейінгі толқынның санасына тәлім сіңірген, жетеліге аталы сөз айтқан қарияларымыз бен оққа кеудесін тосқан оғландарымыздың ізі ешқашан көнермейді, ата. Сіздер көзіміз көрген еліміздің қаһарманысыздар. Жеңістің алғашқы дәмін сезінген де, кейінгі ұрпаққа «қой үстіне бозторғай ұя салған» ғұмырды тарту еткен де, бүгінде шаттанып жүргеніміз де сіздердің арқаларыңыз. Әрқашан Құдайға шүкіршілік етіп, бейбітшілікті дұғаңызға қосасыз. Сіздің амандығыңыз бен саулығыңызды Жаратқаннан тіледім. Мерекеңіз құтты болсын, – деді.
Зұлматты жылдарды бастан өткерген қария ауданымызда қалған соғыстың соңғы куәгері екендігі еске түссе, жабырқап қалатынымыз бар.
Өз кезегінде сөз алған ардагер өңір басшысына шексіз риза­шылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Бүгінде ұл-қыздарынан 18 немере, 37 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отырған майдангер еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дейді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.