Қызыл жалынға қайсар адамдар ғана қарсы тұрады

Оранған отқа, топан суға түсіп, бастарын бәйгеге тігіп адам өміріне араша болуда алғашқы көмек көрсететін құтқарушылардың еңбегі – ерлікпен пара-пар. Өз кәсібін абыройлы да жауапты мамандық деп санайтын Жандос Майлиев осындай қауіпті саланы таңдағанына еш өкінбейді.

Отыз жеті жастағы кейіпкеріміз Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепті бітірген соң Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне оқуға түседі. Оқу орнын көлік және құрылыс мамандығы бойынша бітіріп шығып, 2002-2004 жылдары Алматы облысы Үшарал қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін құтқарушы болуды армандаған ол осы салаға байланысты түрлі конкурстардан өтеді. Осылайша қырық үміткердің ішінде он бес жігіттің арманы орындалады. Олардың қатарында Жандос та болады.
2005 жылы арнайы жолдамамен Теміржол шағын ауданына қарасты №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылданады. Тәжірибе жинақтайды, мамандар кеңесіне құлақ түріп, өз ісінің шебері атанады. Осы уақыттан бастап қызыл жалынмен бетпе-бет келіп, талай жанның құтқарушысы атанады. Арада бір жыл өткенде кіндік қаны тамған жері Жамбыл ауданына жұмыс бабымен ауысып келеді.
Жиырма төрт сағат бойы кез келген апатты жағдайдың алдын алуға, төтенше жағдай орын алған жерге белгіленген мерзімде жетіп, қауіп деңгейіне қарамастан күресетін құтқарушылардың жұмысы қандай құрметке болсын лайық. Бұл мамандық ерік-жігері әлсіз адамды құп көрмейді. Керісінше, тез шешім қабылдап, батыл да батыр, жауапты да ұқыпты болуды талап етеді. Сондықтан жұмыс барысында қайсар мінезің мен мұқалмас қайратыңа сенімді болуың керек. Ал мұны адамзат баласына көмектесуді қызметтік міндет емес, жүрек қалауы деп білетін Жандос жақсы түсінеді.
– Құтқару қызметінің әр күні қатерге толы. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада үрейге орын жоқ. Әр күн сайын үйде отбасым амандығымды тілеп отырады. Солардың тілеуі де күш сыйлайтын болуы керек, өзіме сенімді түрде қызметіме кірісемін. Ең бастысы, орын алған жағдайға қай уақыт, қандай жерде болмасын, сақадай-сай тұру азаматтық борышымыз екенін ұмытпаймыз, – дейді құтқарушы.
Құтқару қызметінде жүріп тәуекелге бас тіккен арда азаматтарға осындайда таңданысыңды тіпті жасыра алмайсың. Әңгіме барысында әлемдегі ең күрделі кәсіптің тізгінін ұстаған кейіпкеріміз жылжымалы баспалдаққа өрмелеп, газтұтқышты қолданып, қою түтін арасында қозғалу, жүгіру, секіру, ауыр заттарды бір жерден екінші жерге көтеріп қоюды былай қойғанда, салмағы 40-50 келі тартатын шланганың өзін ұстап жүру кейде қиынға соғып жататынын да жасырмады.
Осы ретте өрт сөндіруші мамандығының жауапкершілігін толықтай түсінген Жандостың өз ісінің майталманы болуды қалайтынын түсіндік. Адамдар қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметін күнделікті жұмысы деп қабылдайтын оның бойынан ерік-жігері тасып тұрғанын байқау қиын емес еді.
– Жандостың біздің ұжымға келгеніне 15 жылдың жүзі болды. Ол біліктілігімен, жауапкершілігімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Сындарлы сәтте сыр бермейтін Жандос секілді қызметкерлермен әріптес болу мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерлан Сазымбеков.
Осы салада 15 жылға жуық қызметін атқарған Жандос Қуанышбекұлы бүгінде осы бөлімнің өртке қарсы қызмет бөлімшесінің командирі.
Біз кейіпкерімізден есінде қалған оқыс оқиғалар туралы сұрағанымызда, жұмыс барысында ондай жағдай көптеп орын алатынын, есінде қала бермейтінін айтты. Дегенмен, бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген Байзақтағы жарылыс оқиғасы жайлы: «Сол күні біздің қарауыл кезекшілікте болды. Оқ-дәрі сақтау қоймасына 10 шақырым қалғанда үлкен жарылыс орын алды. Өкінішке орай тым кеш еді. Жарақат алғандарға көмек көрсетуден басқа амалымыз қалмады, – деп қаза болған қызметтестерін күйінішпен есіне алды.
Одан бөлек, 2019 жылы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылында үлкен фазенда өртеніп, бір үйір мал жанып, техникалар жарылған сәтте алапат өртпен бетпе-бет келген. Көрсеткен ерлігі үшін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталыпты.
Біз осындай азаматтарымыздың ерлігі мен қауіп-қатерге толы қызметін өскелең ұрпақ­қа наси­хаттауды ұмыт қалдырмауымыз керек. Бұл, бірінші кезекте, құтқа­рушыларымызға деген құрмет болса, екіншіден, келешекте құтқа­рушы боламын деген азаматтың талабына қанат байлайды.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.