Халықтың болмысын айшықтайтын құндылық

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекше­ліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы батыр­лық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ халқы ұлттық дәстүрге ерекше мән берген. Салт-дәстүрлер – халық мәдениетінің аса мәнді құрамдас бөлігі, рухани байлығы. Әрбір халықтың өзіндік ерекшеліктері олардың салт-дәстүрлерінен көрінеді.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Кешірім­ді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағым­ды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр. Дін адамға екі дүниеде дұрыс өмір сүрудің, хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидаларды қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса, діл халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрлерін, менталитеті мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері мен өзіндік ойлау жүйесін, жан дүниесін, адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіреді. Бүгінде дін жанашырларының алдында тұрған міндет осы екеуінің біріккен тұсын таба біліп, халыққа діннің де, дәстүрдің де ортақ тіл табысатын игіліктерін ашып көрсету болып отыр. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әлғурф» және «әл-ғада» деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар», – деген. Ал, Имам Сарахси хазірет: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады», – деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай, ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін оларға біржақты қарауға әсте болмайды. Қай халықтың болмасын, салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. Қазақ елінің және қазақ халқының алдында тұрған ізгілікті мұраты – ықылым заманнан бері өзінің өміршең де жасампаз қасиетін еш жоғалтпай халқымызға қалтқысыз қызметін жасап келе жатқан барша озық игі салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы ретінде жаңа тарихи ахуалды ескере отыра басшылыққа алу, оларды еліміздің, халқымыздың, әрбір отбасы мен жеке пенденің жарқын болашағы үшін орынды да қисынды, оңтайлы да тиімді қолдана білу, тіпті мүмкіндігінше, «адамның адамилығын арттыру» бағытында жаңғырта білу. Міне, осылай болған жағдайда ғана соңғы кездегі халқымыздың алдында тұрған «Рухани жаңғыру» жолындағы мақсат-міндетімізді осы жерде қарастырып жатқан салт-дәстүрі­мізбен тығыз байланыста екендігіне көзіміз жетеді.

Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы,
ауданның бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.