111 жасаған әже ақ батасын берді

Жамбыл ауданында ғасыр жасаған бес кейуана бар. Соның бірі – Күлбарам Сүгірова. Бүгінде 111 жасқа иек артса да – ширақ. Қырғыз елінде туып-өскен әжей Аса ауылына тұрмысқа шығып, осында ұрпақ өрбітті. Ауданның өркендеуіне еңбегімен үлес қосты. Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді. Осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты.

Еселі еңбегімен ел құрметіне бөлен­ген кейуананы Халықаралық қарттар күні аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы арнайы құттықтап барды. Әжейге сый-сияпатын табыс етіп, ақжарма тілегін айтты. «Дана қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. «Жұмақ – ананың табанының астында» деген де ұлағат қалған. Міне, сол себепті де ақжаулықты аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Әйел-аналарға қамқорлық жасау – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз сізді жақсы білеміз, ұзақ жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Жас күніңізде бейнет кешіп, қазір зейнетін көріп отырсыз. Сол еңбектің арқасында осынша жасқа келдіңіз. Ұл-қыздарыңыздан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты әжесіз. Біз сіздің бұдан да ұзақ өмір сүруіңізді қалаймыз. Деніңіз сау болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жүректен шыққан шынайы тілекке әжейдің көңілі көтеріліп қалды. Аналық алғысын айтып, батасын берді. – Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Қызылшаның арқасында марапаттың барлығын алдым. Сол еңбегімді елеп, ескеріп, арнайы құттықтап келген сізге үлкен рақмет. Аспанымыз ашық, күніміз жарық болсын. Жұмыстарыңда жемісті болыңдар. Менің жасымды сендерге берсін, – деді әжей.

Жәнібек Асанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.