Жыр алыбына құрмет

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жоғалғанымыз табылып, тарихымыз түгенделе бастады. Соның негізінде ұлт руханияты ұлықталып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсетілді. Өткен жылы қазақ жұрты бас ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, даналықтарын дәріптесе, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде насихатталуда.

Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауын жариялаған болатын. Сол байқауға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен Бектөбе ауылдық кітапханасы қатысып, «Жамбыл Жабаев – жүз жасаған бәйтерек» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Кештің шымылдығы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ғибратты ғұмыры мен мол мұралары көрініс тапқан бейнебаянмен ашылды. Одан кейін кітапхана қызметкерлері Гүлбағира Сүлейменова ғасыр жасап, ұрпаққа баға жетпес мол мұра қалдырған жырау жайлы тағылымды баяндама жасады.
Шарада аудандық Мәде­ниет үйі­нің «Салбұрын» трио­сы композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Сағыныш сазы» әнін орындап, шараның шырайын аша түссе, М.Төлебаев атын­дағы өнер мектебінің бишілері қазақ­тың ұлттық биін сахнаға шығарды.
Әдеби кеште көпшілік назарына «Жамбылдың Сүйінбайдан бата алуы» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен қатар жергілікті жас айтыскер ақындар Алихан Яшар мен Алина Айдаралы өзара сөз бен ойды, өлең мен өрені салыстыра отырып айтысты.
Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбденова мен орынбасары Мақтақыз Жеңсікбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева қатысқан кеште Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғамзат Сағымбеков сөз алып, жүз жыл жырлаған Жамбыл Жабаевтың мұралары қазақ халқы барда мәңгілік жасайтынын айтты.
Қысқасы, жүз жылдық ғұмырында өмірдің барлық ащы-тұщысын көріп, арғы-бергі жақсы-жайсаңдардан бата алып, өзі де аузы дуалы батагөйге айналған дара тұлғаны қадірлеген салиқалы жиын өтті.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.