Таразда «Таза Қазақстан» акциясы аясында тарихи нысан маңы тазартылды

Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументінің аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде «Тарихи өлкенің тазалығы» атты тазалық акциясы ұйымдастырылды.

Экологиялық шараны Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізді.

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын күтіп ұстау, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыру және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеп, қоғамдық орындарды ұқыпты ұстаудың маңызын насихаттауды көздеді.

Іс-шараға жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Қатысушылар «Қазақ хандығы» монументінің айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтірді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және аумақты абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. Жиналған қоқыс арнайы орындарға шығарылып, тарихи нысанның санитарлық тазалығы қамтамасыз етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік сенбілікпен шектелмейді. Бастама қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтып, табиғатты қорғауға және қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Мұндай экологиялық шаралар азаматтардың туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және экологиялық санасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарихи әрі мәдени маңызы зор «Қазақ хандығы» монументінің аумағын таза ұстау – баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Олардың пікірінше, осындай акциялар тарихи мұраға деген құрметті күшейтіп, қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыруға және өңірдің көркеюіне өз үлесін қосады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.