Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Арнаулы мемлекеттік қор арқылы өңірдің денсаулық сақтау және ауыз сумен қамту салаларын дамытуға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Бөлінген қаражаттың нәтижесінде Қордай, Талас және Меркі аудандарында екі жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, бір ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл нысандардың ашылуы 85 мыңнан астам тұрғынның, оның ішінде шалғай елді мекендерде тұратын 5 мыңға жуық адамның сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
Өткен жылы Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары 1960 жылы салынған ескі ғимаратта ем қабылдап келген. Енді үш мыңға жуық тұрғын аудан орталығына бармай-ақ заманауи медициналық көмек алып отыр.
Сонымен қатар өңірде 15 ауыз су нысанының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Талас, Шу, Т. Рысқұлов, Мойынқұм және Қордай аудандарындағы жалпы саны 28 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Былтыр Талас ауданындағы Қараой ауылына алғаш рет, яғни 90 жылдан кейін ауыз су құбыры тартылды.
Қазіргі уақытта облыста тағы сегіз ауыз су жобасы мен екі медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – Қарасай батыр ауылындағы жаңа ауыз су жүйесі. Жобаның жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды. Оның 1,9 млрд теңгесі Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылған. Жоба аяқталғаннан кейін ауылдағы 2,5 мыңға жуық тұрғын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылады.
Өңірдегі аталған нысандардың құрылысы мен бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуі Жамбыл облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.