Түлектер орталығы ашылды

Бүгінде елді мекендерде игілікті істердің төбе көрсетуіне сеп болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы елжандылық пен жомарттыққа бастайтын даңғыл жол екенін уақыт өзі айқындауда. Жобаның түпкі мақсаты – туған жеріне қарайласу, түлеп ұшқан төрін түлету, ауылының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғарылату болып табылады.

Облыс орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бастау алған форум ауданымызда жалғасып, оған түрлі салада қызмет етіп жүрген 400-ден аса мектеп түлектері қатысты. Форумда аудан әкімі Сәкен Арубаев сөз алып, жиынға қатысқан қолы ашық азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ауыл-аймақтың гүлденуіне барша азаматты шақырған болатын. Сол форумнан кейін ауданда ерекше қозғалыс байқалып, жоба жеміс бере бастады.
Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер Әділ Байұзақов Шайдана ауылына 10 млн теңгеге спорт музейі мен спорт кешенін салып берсе, Ащыбұлақ ауылының 1984 жылы туған азаматтары 2 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңшасының құрылысын, Шоқай, Ш.Ниязбеков ауылындағы білім ордасын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдарына келбетті арка орнатты. Өзге ауылдық округтерде де осындай жан жадырататын жұмыстар атқарылуда.
Сәрсенбі күні Жамбыл аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде «Түлектер орталығы» кабинеті ашылды. Оған аудан әкімі Сәкен Арубаев пен орынбасары Олжас Баққараев арнайы келіп, орталықтың ендігі жұмысына сәттілік тіледі.
– Түлектер орталығы – оқушылар үшін үлкен тәрбиенің бастауы. Кейінгі буын арда азаматтардың жақсылықты жалау, қайырымдылықты серік еткенін көріп, елге, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті бойына сіңіреді. Орталықтың ендігі жұмысы жас буынның елжанды болып өсіп-жетілуіне бағыт береді, – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Жиынға арнайы шақырылған «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының жетекшісі, ауылының көркеюі жолында еңбек етіп жүрген Әділ Байұзақов сөз алып, ізгі лебізін білдіріп, орталыққа клуб атынан сыйлық тарту етті.
Мұнда аудан көлемінде түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтардың суреті ілінген. Алдағы уақытта орталық жұмысын жандандыру үшін осы азаматтармен онлайн байланыс арқылы оқушылармен жылы жүздесулер ұйымдастырылмақ.
Айтулы шара соңында Әділ Байұзақов оқушылармен өткен онлайн сұхбат кешінде өмір жолы мен жетістіктері туралы әңгімелеп, тәрбиеленушілердің көкейінде жүрген сұрақтарына толымды жауап берді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.