Жамбыл облысында онкологиялық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмекті көрсетіп, ауруларды ерте анықтау және тиімді емдеу жұмыстарын күшейтіп келеді.
Бүгінде өңірде алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 21 онкологиялық кабинет, 22 маммологиялық кабинет және 167 қарау кабинеті жұмыс істейді. Бұл тұрғындардың тұрғылықты жерінде скринингтен өтіп, қажетті консультация алуына мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы алты айында облыстық онкология орталығының диспансерлік бөлімшесінде 22 мыңнан астам тұрғын қабылданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары. Мамандардың айтуынша, көрсеткіштің артуы халықтың профилактикалық тексерулерге белсенді қатысуымен және онкологиялық қырағылықтың күшеюімен байланысты.