Биыл қазақтың рухани тірегі, ұлттың үні – Қазақ радиосына 100 жыл толды. Осыдан тура бір ғасыр бұрын радионың тұңғыш хабары Орынбор қаласынан әуе толқынына шықты. Алаш ардақтысы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының сол кездегі бастамасы ғұмырлы болып, қазіргі таңда ұлттық жобаға айналды.
Қазіргі таңда еліміздегі ежелгі ақпарат құралы өзіне жүктелген міндетті, оның ішінде қоғамды ақпараттандыру және ағартушылық қызметін толықтай орындап келеді. Оның «Алтын қорында» халқына кеңінен танымал Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жаханов сынды композиторлардың шығармашылығы мен өзге де тау тұлғалардың жазылған дауыстары бар. Қазақ жастарын елдікке, ерлікке және Отанды сүюге үндейтін алтын дауыстар өскелең ұрпаққа өнеге ретінде радио эфирінен жиі ұсынылып тұрады.
Айтулы мерейтойға орай аудандық орталық кітапханада Жамбыл радиосының жетекшісі Бақытжан Советұлымен еркін форматта кездесу ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов ашып, жүргізген басқосуға кітапхана ұжымы, аудан ардагерлері, жастар қатысып отырды.
Басқосуда сөз алған Бақытжан Советұлы: «Қазақ радиосы – өзінің ғасырлық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы. Ол қазақ мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезге малынған алуан үндестікті сұңғыла сөзбен суреттеп келеді.
Қазақ радиосы – ең алдымен дәуір үні, сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сырының кеніші. Бағдарламалары еліміздің түкпір-түкпіріне естіліп тұр. Ұлы даланың үніне айналған қазақ радиосы – ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы. Салиқалы ойдың өрелі оралымдары да, әуезді әуеннің жан тебірентер сезімтал пернесі де осында», – деп өзі жетекшілік ететін Жамбыл радиосы туралы әңгіме өрбітті.
Келелі кездесуде аудан ардагерлері Сәрсен Күзербаев, Әлдебай Әуелбаев, аудандық орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева салмақты сөз сабақтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен, Үкіметтің қаулысымен 1 қазан «Радио күні» болып белгіленуі және биыл алғаш рет аталып өтілуі радио қызметкерлеріне деген ерекше құрметтің белгісі екенін айтты.
Мұнан соң қатысушылар қазақ радиосының тарихынан сыр шертетін «Ұлттың үні – қазақ радиосы» атты бейнебаянды тамашалады.
Соңынан Бақытжан Советұлы жастардың радиода қызмет етуі турасында қойған сұрақтарына тұщымды жауап беріп, көпшілікке сатиралық өлеңдерін оқып берді.
Ильяс Қалыбеков