«Президент әрбір құрылымда өзгеріс болатынын атап өтті»

Жаһандық даму тенденциясы тоқырау алдында тұрған қиын-қыстау кезеңде біз сырттан келер қауіп-қатерді мейлінше, кең сараптай білуіміз керек. Алып-қашпа сөзге ермейтін, өзіндік пікірі, ұстанымы бар қоғам қалыптастыру – негізгі міндет. Әсіресе, ақпараттық шабуылдарға төтеп беретіндей сананың ашықтығы қажет. Жастарға айтар ақыл, көрсетер өнегеміз де сол болуы тиіс. Қаралы қаңтар оқиғасынан баршамыздың түйген ойымыз – осы.

 

Қаңтар оқиғасы қиын-қыстау кезеңде елдік мүдденің бәрінен биік екенін көрсетіп қана қоймай, дәл осындай күрделі шақта дер кезінде дұрыс шешім қабылдаудың қаншалықты қиынға соғатынын ұқтырды. Әр қалада, әр өңірдегі бейбіт шеру бейберекетсіздікке ұласқанда елімізде жедел төтенше жағдай жарияланып, күштік құрылымдарды антитеррорлық әрекеттерге жұмылдырылды. Бұл қадам өз нәтижесін берді. Қазір айналамыздағы елдердің көбінде саяси ахуал мейлінше шиеленісіп, халықаралық жағдай күн өткен сайын күрделене түсіп отырған кезеңде жеті өлшеп, бір кесу – әр елге керек ұстаным. Әсіресе, сыртқы саясатта көп векторлы бағыт ұстанатын еліміз арандатушылық әрекеттерге ұрынудан сақ болуы тиіс. Әрине, бұл ретте ішкі тұрақтылықты сақтау – аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бүкіл құқық қорғау саласына қажетті реформа жасалатынын, әрбір құрылымда түбегейлі өзгерістер болатынын атап өтті.

Жалпы құқықтық салада ғана емес, экономиканың барлық саласын үлкен реформалар күтіп тұр. Парламент Мәжілісінің отырысында мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, қаржы, түптеп келгенде халықтың әлеуметтік хал-ахуалына тікелей әсер ететін барлық салаға серпін беретінін жаңалықтар мен талаптар туралы айтылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікке әкеліп соғар мәселелердің де шешімді жолы айқындалды. Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы жас мамандардың ең алғашқы еңбек тәжірибесін алатын «Жастар практикасы» бағытына да бірқатар өзгерістер енгізілмекші. Соның бірі – бағдарлама аясында тәжірибеден өтетін түлектердің айлық жалақысының көбейетіндігі.

Президен Қасым-Жомарт Тоқаев білім берудің жоғары сатысы да үлкен өзгерістерге бейім болуы керек екенін атап өтті. Оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыруға, білікті кадр даярлауға басымдық беру қажеттігін ескертті. Алыс-жақын шет елдердегі таңдаулы оқу орындарының филиалын өз елімізде ашу туралы тапсырма берді. Енді 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдің озық университеттерінің 5 филиалы ашылады. Оның екеуі еліміздің батыс аймағында ашылып, техникалық бағытта мамандар даярлауы тиіс.

Барлық салада істің ілгерілеуі – кадрға байланысты. Мемлекет басшысы атап өткендей, білім берудің орта сатысында мектептерді қанша жерден материалдық-техникалық жабдықтап жатқанымызбен, білікті мұғалім даярламайынша, оқыту ісінде сапа болмайды. Сондай-ақ гуманитарлық мамандықтарды оқытудан бұрын техникалық бағытта білім беру мәселесі туралы мықтап ойланатын кез келгенін мойыдауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығындағы қазіргі қажеттілікті, алдағы он жылда туындауы мүмкін сұраныстар бойынша сараптама жасап, сол бағытта маман даярлауға кірісуіміз керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік мүдде таразы басына түскен шақта дұрыс әрі жедел шешім қабылдап отыр. Себебі, Тәуелсіздік – саяси ойындарда немесе мүдделер қақтығысында талқыға салынбайды. Ол халықтың баға жетпес құндылығы!

Талғат Ешенқұлов,

М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.