Жамбыл облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы нақты нәтижесін көрсетіп келеді. 2025 жылы бағдарлама аясында жалпы құны 3,7 млрд теңгеге 518 жоба қаржыландырылды.
Қаржыландыру ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің 110-нан астам бағытын қамтыды. Олардың қатарында техникалық қызмет көрсету станциялары, тігін және жиһаз цехтары, жылыжайлар, кірпіш пен құм блоктарын шығаратын өндірістер, автокөлік жуу орындары, сұлулық салондары, наубайханалар, сүт өңдеу цехтары және балабақшалар бар.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 500-ден астам ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жаңа өндірістік тізбектер қалыптасып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістер ашылды.