Президент тапсырмасымен Таразда инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының құрылысына капсула салу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызына тоқталды.

Өңір басшысы жаңа спорт нысанының құрылысы адамға деген құрметтің, тең мүмкіндік қағидатының және әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бұқаралық спортқа тарту, спорттық резервті даярлау және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, бұқаралық спортты дамытуды және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Бүгін бастау алған Инклюзивті спорт орталығының құрылысы – осы стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін маңызды жоба.

Спорт инфрақұрылымын дамыту – өңірдің тұрақты дамуының басты бағыттарының бірі. Дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Ал инклюзивті спорт әрбір азаматқа өз әлеуетін ашып, қабілетін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.

Бүгін іргетасы қаланған орталық алдағы уақытта мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетіп, жас спортшылардың алғашқы жетістіктеріне жол ашатын, параспортшылардың жаңа белестерді бағындыруына жағдай жасайтын маңызды спорт нысанына айналады деп сенеміз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.