Меркіде балық шаруашылығының дамуына серпін берілуде

Жамбыл облысының Меркі ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып, саладағы өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлердің белсенділігі өңірде бұл бағыттың әлеуетін күшейтуге мүмкіндік беруде.

Ауданда балық өсірудің негізгі орталығы ретінде Андас батыр ауылдық округі қалыптасқан. Мұнда ауыл шаруашылығының әртүрлі саласында 130-дан астам шаруа қожалығы мен 60-қа жуық жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Соңғы жылдары олардың қатарын балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар толықтыруда.

Өңірдегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың бірі үш түрлі балық түрін өсіріп, өндірісті заманауи технологиялар негізінде ұйымдастырған. Нәтижесінде кәсіпорын жылына шамамен 80 тонна өнім өндіреді.

Өндірілген өнім ішкі нарыққа жөнелтіліп, тұтынушыларды сапалы әрі экологиялық таза отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге де оң әсерін тигізіп отыр.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктері мен жаңа технологияларды енгізу арқылы Меркі ауданында балық шаруашылығының әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім ассортиментін кеңейту жоспарланып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.