Орталық Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі арасындағы меморандум аясында құрылды. Мұнда су шаруашылығы саласының мамандарының біліктілігі арттырылып, қайта даярлау курстары, оқу семинарлары мен тренингтер өткізіледі.
Оқыту гидротехникалық нысандарды салу, су ресурстарын басқару, цифрландыру және интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу бағыттарындағы Қытайдың озық тәжірибесіне негізделген заманауи әдістемелер бойынша жүргізіледі.
Сонымен қатар орталықта қазақстандық су шаруашылығы кәсіпорындарының қажеттіліктеріне сай мамандарды қайта даярлау, оқытушылар мен сарапшыларды бірлесіп даярлау тетігін қалыптастыру жоспарланған.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің директоры Марат Иманалиевтің айтуынша, меморандум аясында Қазақстан мен Қытайдың білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту көзделген.
Атап айтқанда, тараптар оқытушылар мен мамандар алмасуды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, сондай-ақ су шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды енгізу бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында бірлескен колледж құру мәселесін пысықтап жатыр.