Аймақтағы құрылыс индустриясын қарқынды әрі тиімді дамыту – экономиканың қуатын арттыратын бағыт. Сапалы материалдар шығаруға басымдық берілсе, құрылыс жобаларында жергілікті қамту үлесі де артады.
Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» деген ұғым азық-түлік, киім-кешек, құрылысқа қажетті құрал-жабдық сынды күнделікті халық тұтынатын, тұрмысқа аса қажет заттармен етене байланысты. Бір қарағанда экономикаға еселеп табыс әкелмейтіндей көрінгенімен, негізгі сұранысты осы «қарапайым заттар экономикасы» өтейді.
2022 жылдың 10 айына қарапайым заттар экономикасы саласы бойынша жоспар 49,4 миллион теңгені құрап, жүргізілген сатып алулар 31,2 миллион теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 40,0 пайызды құрады. Жалпы алдын ала жоспар бойынша аталмыш меже 63,0 пайызға жетуі қажет болған екен.
Бұл жерде:
- жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша жоспар 2,1 миллион теңге, нақты сатып алу 647 мың теңге, жергілікті қамту үлесі 81,7 пайызды құрады;
- жиһаз бойынша жоспар 459 мың. теңгеге бекітілген, нақты сатып алу 439 мың теңге, жергілікті қамту үлесі 81,3 пайызды құрады;
- тамақ өнеркәсібі бойынша 621 мың. теңгеге жоспарланып, 593 мың. теңгеге сатып алу жүргізілген. Жергілікті қамту үлесі 100 пайызды;
- құрылыс материалдары бойынша жоспар 1,6 миллион теңге, нақты сатып алу көлемі 1,1 мың. теңге, жергілікті қамту үлесі 92,2 пайызды;
- химия өнеркәсібіндегі жоспары 16,1 миллион теңге, нақты 13,8 миллион теңгеге сатып алу жүргізілді, жергілікті қамту үлесі 15,9 пайызды;
- машина жасау саласындағы жылдық жоспар 21,6 миллион теңгеге бекітіліп, нақты 10,5 миллион теңгеге сатып алу жүргізілген, жергілікті қамту үлесі 46,3 пайызды;
- фармацевтика өндірісі бойынша 296 мың. теңгеге жоспар бекітілген, сатып алу көлемі 296 мың теңге, жергілікті қамту үлесі 89,2 пайызды;
- целлюлоза өндірісі саласында сатып алу жоспары 6,7 миллион теңге, нақты 3,9 миллион теңгеге сатып алу жүргізіліп, жергілікті қамту үлесі 69,8 пайызды құрады.
Қарапайым заттар экономикасын дамытуды қолға алған көрші Ресейде соңғы 5 жылда жеңіл өнеркәсіп 59,7 пайызға өскенін айта кетейік. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге де елдердің көрсеткіші бұл салада бізден көш ілгері екенін жасыра алмаймыз. Біздің осы саланы дұрыс дамыта алмағанымыздың кесірінен импортқа тәуелділігіміз жоғары болып отыр. Киер киім, жатар орын, ішер тамақ өз елімізде өндіріліп, оның сапасы сын көтеретін деңгейге жетсе, қазынадан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғаны деп білеміз.