Тәтті түбір – табыс көзі

Кейінгі жылдары Жамбыл облысында қызылша шаруа­шы­лы­ғы қарқынды дамуда. Тәтті тү­бір­ден де мол табыс түсіруге бо­ла­тынын түсінген еңбек адамдары жылда егістік алқабын ұлғайтып, өнімділікті арттыра түсуде. Биылғы жылы қант қы­зылшасы облыс бойынша 5,5 мың гектарға егілсе, келер жылы бұл көрсеткіш екі есе артады деген болжам бар.
Бұл істе алдыңғы қатарда келе жатқан Жамбыл ауданында биыл шаруалар 730 гектарға қант қызылшасын отырғызып, бүгінде жиын-терін науқанына білек сыбана кірісті. Осыған байланысты үлкен істің барысы қалай жүріп жатқанын бағдарлау мақсатында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен аудан әкімідігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Лаурат Аманов бірқатар шаруаның егістік алқабын аралап, тәтті түбірдің өнімділігіне назар аударды.
Әуелі аудан басшысы «Қызылдихан» өндірістік коперативінің 70 гектар алқабында болды. Коперативтің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Жақсынбек Жамансариевтің айтуынша, биыл алқапты жаңбырлатып суару әдісі арқылы ылғалдандырған.
– Көп жылғы еңбек жұмыстың жүйеленуіне өз септігін тигізетінін аңғарып отырмыз. Жасыратыны жоқ, жаңбырлатып суару технологиясын енгізгелі жұмысымыз алға баса бастады. Оның үстіне су ысырапсыз пайданылмайды. Бүгінде 810 тонна тәтті дақылды жинап, қант зауытына өткерудеміз. Сондай-ақ коператив өзінің жұмысышылары мен техникаларын жауапты науқанға жұмылдыруда. Бір-екі күнде жұмыстар мәреге жетеді. Сондай-ақ келер жылдың өніміне дайындық жұмыстарын да пысықтаудамыз. Бүгінде К700 техникасы жер аудару жұмыстарын жүргізуде, – дейді Жақсынбек Еламанұлы.
Егістіктегі қызу тірлікке куә болған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы:
– Дұрыс айтасыз. Тәжрибе жылдармен келеді. Биыл өнімдеріңіз көңіл қуантарлық екен. Судан да тапшылық көрмегендеріңіз көрініп тұр. Өңір шаруалары «Меркі» қант зауытына бүгінгі көрсеткішке сәйкес, 3111 тонна тәтті түбірді өткерді. Жұмыстардың аяқ алысын көру үшін келгенбіз. Келер жылдың қарекетіне кірісіп кеткендеріңізді байқадық. Өнімнен қазірден үмітті жандар жұмысқа қазірден кіріскені дұрыс. Күздің ауа-райы да бұған мүкіндік беріп отыр, – деді өңір басшысы айналаға көз тастап.
Мұнан соң басшылар Қаракемер ауылындағы «Шарипов» шаруа қожалығының және Шоқай ауылындағы «Кавунжиди» шаруа қожалығының 100 гектарға еккен қант қызылшасын назарға алды.
Қазіргі таңда тәжірибелік алқапта жерді тыңайту, жыртып, тырмалау жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық шығынды облыс әкімдігі мен ғылыми зерттеу орталығы өз қаражаты есебінен көтеріп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.