Жамбылдықтардың табысын көбейтудің таптырмас тетігі

Облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға арналған жоба – шын мәнінде, халықтың әл-ауқатын көтерудің таптырмас тетігі. Өйткені бірегей бастама арқылы ерінбей еңбек еткендер тұрмысын тіктеп, жай-күйін жақсартпақ. Содан болар, жобаның жүзеге асуына жергілікті тұрғындар да ынталы. Қазір әу бастағы күдіктері сейіліп, сенімдері нығайған. Бастамаға байланысты оң түсінік қалыптасып, ойлаған жоба-жоспарларын орындауға асық. Оған Жамбыл ауданында жүзеге асып жатқан жұмыстарға қарап көз жеткізуге болады.
Пилоттық жобаның игілігін көруге өтінім берген ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Жандос Киркбаевты сөзге тартқан едік. Ол тұрмыстық табысты арттыруға бағытталған пилоттық жобаның халыққа көп қолдау көрсететінін, сондықтан да басшыларға ризашылығын жеткізіп отыр.
– Бірер жылдан бері ауылда бірдіекілі қарасымен күн көріп отырған тұрғындар үшін бұл жоба жақсы жаңалық болды. Ел бағымындағы мал басын көбейтуге немесе шаруасын ширатып, төрт түлігін асылдандыруға қаражаттан қысылатын. Ал, қазір көріп отырғандарыңыздай, мемлекеттік бағдарламалар көп-көрім демеу болып тұр, – дейді ол. Жандос бүгінде жылқы малын бордақылаумен айналысады. «Қыс қамын жазда ойла» дегендей, жемшөп қорын жаз бойы молынан жиған ол осы жоба арқылы несие алып, шаруасын дөңгелетуге үмітті. Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Жандос бұл кәсіптің қыр-сырын әкесінен көріп өскен. Әке ізін жалғастырып келе жатқан оның алдағы бағдары да айқын. Несиеге жылқы сатып алуды көздеген кәсіпкердің мақсаты төлін өсіріп сатумен бірге, қымыз өндіру де ойында бар. – Бағдарлама арқылы қолыма қаражат тиген соң бірнеше жылқы сатып алып көбейтсем деймін. Жылқы малы тұяқты мал ғой, қыс қанша қатал болса да, өз тағамын өзі тауып жейді. Күндіз жайылымда жайып, кешке қораға қамаймын. Жылқы құлындаған соң, бордақылауға болады, – дейді ол. Оның сөзін жалғаған ауыл қариясы Сарыбай Бекқали: – Ауылға көңіл бөлінуі керектігін естен шығармаған басшылар өте жақсы бастама көтерді. Бұл жобаның ауыл тұрғындарының еңбекке қырсыз болып кетпеуіне септігі тиеді. Қазір мемлекеттің қамқорлығы ұшан-теңіз. Тіпті техника алуға да, қора соғуға да көмек көрсетіледі. Ендеше неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? – дейді. Шындығында да, ел ішінде алға ұмтылғанның аузы аққа тиіп отырғанына не жетсін. Көпті көрген қария айтқандай, береке белсенгенге бітеді емес пе?! Пилоттық жобаның да негізгі міндеті сол – халықтың тұрмысын тіктеу

Leave A Reply

Your email address will not be published.