Ауданнан Есілге балық жіберілді

Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы балық өсіріп, табыстың тайқазанын тасытып отыр. Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылық жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтеді. Бұл жолы мұндағы балықшылар еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жіберді.

Негізі, сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Олар өз істеріне әбден төселген. Яшар Бозагунов, Ахмат Бектас-оглы, Кара Осман Алшахметұлы және басқаларда тыным жоқ. Бірі аяғына резеңке етік киіп, белуардан су кеше арнайы құрылғымен шабақты қалқып алса, екінші балықшы ұстап тұрған шелекке салуда. Осылайша кезектесіп әріректе тұрған суға толы цистернасы бар үш КамАЗ автокөлігіне тиеуде.

Біз шаруашылық жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуновты сөзге тартқанымызда:

– Бүгін шабақтарымыз Елордаға жөнелтіледі. Шаруашылықта 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Жылына мұнда 3 миллионға жуық шабақ өсіріліп, алдымен елімізге, содан соң облысымыздағы су айдындарына жеткіземіз, – деді.

Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының орынбасары Қанатбек Зауырбек: – Облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде бізге тән 18 су қоймасы және 17 республикалық мәнге ие учаскеміз бар.

Біз сандельдіктердің жұмысына дән ризамыз. Бір Гродеково ауылында 71 гектарды алып жатқан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Шабақтардың дені Қапшағайға, Шардараға, Балқашқа, облыс аумағындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қоймаларына жіберіліп тұрады, – дейді.

Ал, «Сандель» шаруа қожалығының ихтиологы, балық өсірудің хас шебері Нұрлан Молдабеков: Шабақ өсіру оңай шаруа емес. Мұндағы жұмысшылар күтіп-баптау, яғни, жемшөп шашу, қоймалардағы суды ауыстыру және шабақтарды жөнелту кезіндегі көлікке тиеу жұмыстарымен айналысады. Біз шабақтың бірнеше түрін өсіреміз. Әсіресе, дәумаңдай, сазан, англиялық карп жоғары сұранысқа ие», дейді. онымен қатар балық шаруашылығына мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмейді. Балық өңдеумен айналысатындарға субсидия қаралмаған. Бұл да балық шаруашылығының серпінді дамуына кері әсерін тигізіп отыр деп айтуға болады. Балықшы қауымы осылай деп уәжін білдірді. Атакәсібімен айналысып отырған аралдық ағайынның басты талабы – мемлекет тарапынан балық шаруашылығын өркендетуге басымдық берілгенін қалайды. Күн санап құрғап жатқан теңіз суын сақтап қалу үшін тиісті жұмыстар жеделдете жүргізілсе деген уәжін де жеткізіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.