Донер жасап, өнімінен несібесін тапқан жас жұбайлар

Өңірлерді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған бастама көп. Билік пен бизнес байланысының жаңа форматының шарапатын әсіресе шалғай ауылдағылар көріп отыр. Иә кәсіп ашамын деген әрбір азаматқа мемлекеттен қолдау көп. Бүгінгі әгімемізге арқау болған жас жұбайлардың кәсібі жайлы айтып өтпекпіз. Мәселен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша өткен жылы 198 азамат 308 млн 642 мың теңге несие алған. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант иелері немесе кәсібін өрлету мақсатында бизнес жобаларын қорғау арқылы 6 пайыздық несие алған азаматтар бүгінде осы игі бастамалардың шарапатын сезінуде.

Сондай азаматтың бірі Жұмажан жары Жұлдыз екеуі әуелі аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы құжаттарын дайындап, несие алып кәсіп ашуды көздеген. «Бастау бизнес» жобасының курсынан өткен Жұлдыз Әбілқасымқызы ел қызығып көп тұтынатын фас-фут өнімдерін шығаруды ойластырған. Көп ұзамай аталмыш бағдарлама аясында 4 млн теңге несие алып, аудан орталығынан «MR.DONER» пісіріп сататын орын ашқан. Жұмажанның шынайы тірлігін көруге асыққан біз сол орынға барып қайтуды жөн көрдік. Кәсіп иесін сөзге тартқанымызда:

– Қазақта «Жүйесін тауып жұмыс қыл, жерін тауып тыныс қыл» деген өнегелі сөз бар. Жаяу жүргінші көп өтетін, адам көп шоғырланатын мына орынды жалға арнайы алдым. Әзірге мұнда 2 аспаз жігіт чикен, пицца, суши, донер, чизбургер, гамбургер, ход-дог деп аталатын тағамдарды әзірлеп сатады. Оларға күндігіне 2500-4000 теңге аралығында ақы төленеді. Халықтың сұранысы жақсы. Ашылғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Сол себепті де әлі шығыс-кірісті есебін есептей алған жоқпыз. Бірақ сауданың өтуіне қарағанда пайдасы бар. Біз алдағы уақытта осындай орындарды басқа аудандардан да ашуды жоспарлап отырмыз. Нысанды ашуыма қолдау білдірген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиевке алғысым шексіз, – деді кәсіпкер.

Нәсібін кәсібінен тауып отырған Жұмажан Шынтемір мен Жұлдыз Шынтемірдің арманы асқақ. Бизнесін осындай шағын кәсіптен бастаған адамдарға мемлекет биыл да қолдау көрсетпек.

– Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бас­тысы – ниет. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес береміз. Нарықтық қоғам «алма піс, аузыма түс» деп жатуды көтермейді. Бұл – мен армандаған ойдың бірінші сатысы. Ендігі мақсат – осы кәсіпті одан әрі кеңейту. Сосын ауыл жастарын жұмыспен қамту демекпіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.