Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық ауылының тұрғыны Әбдірахим Қуанышбаевтың балық шаруашылығымен айналысқанына он жылдан асқан.
Балық өсірудің бабын тапқан шаруа үйінің жанынан көл жасап алыпты. Мұнымен қоса, балық өсіретін инкубациялық цех ашқан. Осылайша, бақытын еңбектен тапқан ол кәсібін дөңгелетіп, сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Алтын бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Әбдірахим Қуанышбаевтың мақсаты – агротуристік кешен салу. Қазір сол мақсатына қарай нық қадам басып, қолынан келгенше әрекет етіп келеді. Кәсібін ашар алдында біраз елге барып, кімнің немен айналысып жатқанын зерттеп көріпті. Сөйтіп, адамдардың балыққа деген қызығу шылығы ерекше екенін байқаған. Осыдан кейін көп ойланбастан үйінің жанындағы 4 жарым гектар жерді қазып, көл жасап, ішіне майда балықтарды жібереді. Міне, содан бері оның шаруа қожалығына балық аулауға құмар жандар келе бастаған. Оларға шектеу де қоймайды. Әрине, бұл істі бірден бастап кету оңай емес. Су асты тіршілік иесін өсіруге кіріскен ауыл тұрғынының кәсібін дамытуға қаржы керек болады. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгініпті. «Біраз елге бардық. Қытайға, сосын Америкаға барып осы саладағы жоба бойынша ұйымдастырылған конкурсты ұтып алдық. Сөйтіп, сол жақта оқыдық. Барған жерімде жан-жағыма қарап, қандай кәсіп тиімді екенін зерттеп жүрдім. Сонда байқағаным, барлық жерде балыққа құмар адам көп екен. Олар бәрін тастап, балыққа келеді. Балық аулау адамға керемет демалыс сыйлайды екен», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.
Майда шабақтың толық өсіпжетілуіне екі-үш жылдай кетеді. Кәсіп иесі осынша уақыт бойы суда тіршілік ететін жануардың жемін беріп, күтімін жасап, өсіреді. Сосын сатылымға шығарады. Бір қуанарлығы, сұраныс та, одан түсетін табыс та жаман емес. Ең бастысы, ерінбей еңбек ете білсең болғаны.
«Балықты жақсы бағып, уақтылы жемін беріп отырса, екі жылда 10-12 см өседі. Шымкентте жем шығаратын комбинат бар. Жемін сол жақтан аламын. Негізі, бізге көтерме бағамен сатқан ыңғайлы», – дейді шаруа.
Кәсіпкер бұрын балық дернәсілін сатып алса, қазір инкубациялық цех ашып, өзі шығарып жатыр. Сол жерде табиғи жолмен көбейтеді. Цехта әзірге төрт адам жұмыс істейді. Оның екеуі – ихтиолог. Олар балықтың өсіп-жетілу процесін жақсы меңгерген. Жалпы, шабақ тауарлы өнімге айналғанша 6 айға дейін уақыт керек екен.
«Дернәсілді көлге апарып саламыз. Оны күзге дейін өсіреміз. Биыл Польшадан бақтақ балығының уылдырығын әкелдік. Қазір арнайы тоғандарда 3 миллион шабақ өсіріліп жатыр. Бізде үш түрлі балық бар», – дейді ол. Кәсібінің қырсырын бөліскен кәсіпкер осы салада шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер туралы да сөз қозғады. Айтуынша, кәсіпкерлерге Үкіметтен көмек болса, еліміздегі туризмді дамытып, шетелдік туристердің өзі қызыға қарайтындай көрнекті орындар салуға болады екен.
Next Post