Жамбыл ауданынының тұрғыны Пәрмен Әлдебаев 2006 жылдан бері алма өсіруге қызығушылық танытып, іздене бастапты. Ала шапанды ағайындарды «нағыз диқан» деп білетін таптаурын көзқараспен Пәрмен ағамыз Өзбекстан жағалап, бау егуді үйренудің жолдарын сол жақтан қарастырады. Ташкенттегі Шредер университетінің Қоқандағы филиалына үш жыл қатарынан қатынайды. Төртінші жыл дегенде сол жақтағы профессор танысы: «Біздікі жеке сектор. Сен одан да интенсивті бау егіп үйрен. Ол үшін Еуропаға шық» деп кеңес береді. Алма шаруашылығын қолға алған Пәрмен Әлдебайұлы сербтер бір рет көшет отырғызған жерге, екінші қайта өнім екпейтінін айтады. Өнімділігі азайып кететінін бір кісідей білсе керек. Ал бізде жыл сайын бір жерге көшет дайындай беретін қожалықтар бар. Интенсивті баудың 200 жылдық тарихы бар. Бұл әдістің ең басты сыры – көшетте. Пәрмен ағамыздың ақтарылып айтқан әңгімесін саралай келе, дихан көшетке алданбаса, жұмысынан ұтылмайтынын ұқтық. «Көп адамдар көшет таңдаудан адасады да, сары дегені қызыл, қызыл дегені көк болып шығады. Арзан көшетке ұмтылады да, салған ақшасы «ауаға» ұшады. Көшет тамырларының да түрлі өлшемдері болады. Солардың ішінде, мәселен, «М9 106» тамыры Голландиядан шығады. Бағасы — 70 еуро. Сосын көшеттің тамыры топырақтың бетінде көрініп жатуы тиіс. Бізде көбінесе адамдар көшеттің тамырын көміп қояды. Ол дұрыс емес. Қаламызда көптеген тәлімбақ бар. Көпшілігі көшетті базардан сатып алатындықтан, өнімі дұрыс болмайды», — дейді дихан кәсібінің нәзік тұстарына бізді де үңілдіріп. Интенсивті бау демекші, Кеңес кезіндегі баулардың гектарына 450 данадан артық ағаш еге алмайтынсыз. Ал қарқынды бауда жеміс ағаштарын 2500 данадан 4100 данаға дейін отырғызуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі баудан он есе көп десек болады. Одан соң бұрынғы бауда бір көшет 7-8-жылдан кейін жеміс беретін. сонда тұрақты нәтиже беріп тұрмаған соң бір жылдан кейін-ақ мазасы қашады. Көп адам ары кетсе 3-5 жыл істейді, нәтиже болмаған соң орта жолдан тастап кетеді. «Оданша малым жақсы» дейді. Қанша дегенмен, шаруаға жақын ұлт емеспіз бе?!
Ал қарқынды бау үшінші жылдан бастап өнім береді. Бесінші жылға келгенде агроқолдауын дұрыс істеп, дәрумендерін жақсы жеткізсе, шығынның 70-80 пайызын ақтап береді. Алтыншы жылы кеткен шығын толық жабылады. Жетінші жылы таза табысқа шығасыз. Сосын бір келісін 30 теңгеден сатсаңыз да бәрібір.
Next Post