Облысымызда пияз жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінге дейін жиналған пияздың көлемі 1 миллион тоннадан асады. Дақылдың өңірдегі егістік алқабы жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 24,5 мың гектарға пияз отырғызылса, биыл 25,1 мың гектарға егілген. Оның 5,6 мың гектары ауданымызға тиесілі екен. Осы ретте айта кететін жайт, еліміздегі пияздың 75 пайызы Жамбыл облысында өсіріледі. Қазірге дейін аймақтағы шаруалар 1,1 миллион тонна өнім жинап, әр гектардан алынған орташа өнім 458,8 центнерге айналуда.
– Өңірдегі пияз алқабының көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға ұлғайған. 1 гектардан алынатын өнім көлемі де артуда. Мәселен, 2019 жылы орташа өнімділік 273,4 центнерді құраса, 2020 жылы 306,7 центнерге жеткен болатын. Биылғы түсім де көңілден шығады. Биыл аудан шаруалары 205 мың 213 тонна пияз жинады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов. Ағымдағы жылы аймақта егілген пияз дақылының 20 мың гектарына су үнемдеу қондырғылары енгізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың гектарға артық. Сондай жаңа технологияның игілігін көріп отырғандардың бірі – Айшабибі ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығы.
– Су үнемдеу технологиясын пайдаланып, қажетті тыңайтқыштың барлығын бердік. Нәтижесінде, өнім көлемі артты. Біздің алқаптағы пияздың әр гектарынан 90 тонна, кейбір жерінде 110 тоннадан өнім алынуда. Бұл бұрынғы көрсеткіштен екі-үш есе артық. Егістіктің бұл түрімен айналысқаныма 8 жылдан асты, – дейді шаруа қожалық төрағасы Алтынбек Керімқұлов.
Жиналған өнім облыс тұрғын дарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай еліміздің бірқатар облыстарына да экспортталуда. Сондай-ақ бір бөлігі сақтау қоймаларына жиналуда. Жасыратыны жоқ, облысымыз судың 80 пайызын көршілес Қырғызстаннан алып отыр. Десек те аграрлық аймақ тіршілік көзінен тапшылық көрмей, тамшылатып суаратын жаңа технология әдісімен осындай олжаға кенеліп отырғаны көңіл қуантады. Облыс аумағы бойынша пияз егілген 25 мың гектардың 20 мыңына тамшылатып суару жүйесі қосылған. Пиязды сақтау жұмыстары келер жылдың мамыр айына дейін жалғаспақ. Салалық басқарма пияз өнімі секілді әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі картоп пен сәбізді де жоғары көрсеткішке жеткізуді көздеп отыр. Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей демекші, несібесін тапқан жандар арамызда көп.