Бүгінде елімізде мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы азаматтық қорғау қызметінің мамандарын даярлайды. Күндізгі оқу бөліміне 25 жасқа дейінгі және 16 жасқа толған ер балалар қабылданады. Күндізгі оқу түрі бойынша оқуға қабылданған тұлғалар әскери есептен шығарылып, өртке қарсы қызмет органдарының арнайы есебіне қойылады. Тыңдаушы барлық оқу мерзімінде ақысыз киім-кешекпен, тамақпен, баспанамен (казармалық) қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар каникулярлық демалыс кезінде жолақысы төленеді. Қазіргі күні Азаматтық қорғау академиясына өрт қауіпсіздігінің және төтенше жағдайлардан қорғау инженерлерін дайындайды. Өрт қауіпсіздік органдарындары мен бөлімшелерінде жұмыс істейтіндердің көбі – академияның түлектері. Оқыту-тәрбиелеу процесі жоғары мамандандырылған профессорлық-оқытушылардан тұратын үш факультеттен – іштей, сырттай және білітілікті көтеру құралған бес кафедраның – тікелей-тактикалық пән, өрттердің алдын-алу, жалпы техникалық пән, әскери және физикалық дайындық, әлеуметтік-гуманитарлық пән және тіл бойынша дайындау кафедраларының қатысуымен сабақтар өткізіледі. Академияда ең бірінші — оқу-тәрбиелеу процесін жетілдіруге, жаңа технологияларды игеруге, оқытудың қарқынды түрі мен керекті әдістеріне назар қойылады.
Бұл туралы күні кеше аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Нұржан Күдербай мен инженері Заманбек Пернебай Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесу барысында айтты.
– Оқуға үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткендігін растайтын сертификат негізінде қабылданады. Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру кезінде таңдау пәні физика болуы қажет. Сондай-ақ, талапкер физикалық дайындық бойынша сынақ тапсырып, медициналық куәландырудан өтеді. Тыңдаушылардың академияда күндізгі оқу кезеңі 4 жылды құрайды және әскери қызметтен өту кезеңімен теңестіріледі. Оқу аяқталғаннан кейін тыңдаушыға лейтенант атағы беріліп, түлектердің әрқайсысына алған мамандығына сай қызмет орны ұсынылады, – деді Нұржан Нұрланұлы.
Оқушылар өрт сөндірушілер мен қауіптен құтқарушылардың кәсіби жұмыстары туралы әңігемелерге қанықты. Тіпті келелі кездесуден соң, академияға түсуге ниет білдірген оқушылар да табылды. Қалай десек те, кез келген апатты жағдайда батылдық танытып, елге қалтқысыз қызмет ететін құтқарушылар қашанда зор құрметке лайық. Жоғарыда айтылғандар бойынша қосымша сұрақтармен Аса ауылы, Абай көшесі №177 мекенжайдағы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне келуге немесе 2-22-77 телефон нөмірі арқылы хабарласып, кеңес алуға болады.
Prev Post