Цифрландыру дегеніміз – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Сынаптай сырғып, жылғадай жылжыған уақыт бір орында тұрмайды. Уақытпен бірге заман да, адам да, әлем де өзгеріп келеді. Соған сай барлық салаға тың жаңалықтар, жаңаша серпілістер қажет. Бұл – уақыт талабы. Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекетте әлем көшінен қалмай өмір сүргің келсе, заман талабына сай өзгеру қажет. Жаңашылдықты қолдап қана қоймай қолданып, заманауи техникаларды меңгеріп, алға ұмтылсақ қана жаңа Қазақстанның талабына сай болмақпыз. Жаңа дамыған мемлекетте өмір сүргісі келген әрбір адам жаңашылдықты әуелі өзінен бастауы қажет. Себебі бүтін бір мемлекет – дара адамнан құралады.
Осындай тың жаңалықты еліміздегі көшбасшы баспалардың бірі «Алматыкітап» алып келді. Аталмыш баспа «TopIQ» электронды оқулықтар платформасын жасап шығарды. Бұл – тұңғыш отандық цифрлық оқулықтар платформасы. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету» жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жасалған веб-платформаның мұғалім мен оқушы, тіпті ата-ана үшін де пайдасы мол. Ауданымызда бұл жаңашылдықты сабақ барысында қолданып , тиімділігіне көз жеткізіп үлгерген ұстаздар да бар екен. Солардың бірі Шайқорық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақмаржан Бесбаева әріптестеріне уақыт үнемдеуге және жаңа тақырыпты түсіндіруде вебплатформаның таптырмас құрал екендігіне көз жеткізгенін айтып, сабақ барысында күнделікті қолдануға кеңес берді. Платформаны практика жүзінде екі жылға жуық пайдаланып келе жатқан ұстаз жиналған көпшілікті «TopIQ»-ді қолдану нұсқаулықтарымен таныстырып, қызметтері оқушының жеке білім алу траекториясын құруға өте ыңғайлы екенін, сонымен қатар ең маңыздысы «kundelik.kz» арқылы да кіруге болатынын атап өтті. Маңызды шараның ұйымдастырылып, өткізілуіне аудандық білім бөлімі мен әдіскері Гүлзира Акупова мұрындық болды. Аталмыш семинар В.Чкалов атындағы орта мектепте де өтті.
«Алматыкітап баспасы» әзірлеген білім беру платформасының басты ерекшелігі – инклюзивтілігінде. Яғни, платформаның қызметтері оқушының жеке білім алу траекториясын құруға өте ыңғайлы.
Елімізде 7 мыңға жуық мектеп, 340 мыңнан астам мұғалім және 3,5 миллионға жуық оқушы бар. Жаңа платформа әрбір оқушыға жеке тапсырмалар беруге, алған білімдерін қайталап, тексеруге мүмкіндік береді.
Жамбыл облысынан бастау алған «TopIQ.kz» платформасын көпшілікке таныстыру семинарлары еліміздің әр аймағында өтеді деп жоспарланған.
Prev Post