Мемлекет кәсіпкерліктің көсегесін көгертетін жобаларға айрықша назар аударған. 2021 жылы ұлттық жобалар аясында, яғни, 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша 984 жобаға жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін грант берілді, 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды, 169 мыңнан аса ШОБ субъектілері бизнес ашу және оны жүргізу бойынша консультациялық қызметтер алған болатын. Биыл да азаматтарымыз осындай тың бағдарламалардың шарапатын көріп отыр. Мәселен, биыл Өрнек ауылдық округінде пилоттық жоба бойынша жалпы саны 74 аула 2,5 пайызбен 281 млн 259 мың теңге несие алып, өнім сапасын арттырып, төскейді түлікке толтырып отыр. Жобаның игілігін көріп отырған Әкежан Қонарбайды аз-кем сөзге тартқан едік. Әкежан бүгінде мал бағып-өсірудің қыр-сырын толық біледі десек, артық болмас. Тек мал бағып қоймай, бизнестің өркен жаюына барын салуда. Ол осы пилоттық жоба аясында жалпы сомасы 4 млн 600 мың теңге алды. Оған әрқайсысын 50 мың теңгеден 80 бас қой алып, жемшөп қорын да молынан жинаған. Сол 80 бас қойы төлдеп, қорасындағы мал басы 73 қозыға көбейген.
Әкежан мал басын көбейтіп қана қоймай, ендігі жерде асылдандыруды көздеп, қораға асыл тұқымды 2 қошқар сатып әкелген. Бұдан бөлек, сүтті ешкілерді де көбейтпек ниетте.
– Мал шаруашылығымен айналысудың өзіндік қиындықтары бар. Әуелі мал қоңды болуы үшін қора-жай талапқа сай болуы керек. Дәрі-дәрмек, витаминдер егіп, жемшөп жеткілікті болған жағдайда іске береке дариды. Мен қазіргі кезде мал басын асылдандыруды көздеп отырмын. Мысалы, асыл тұқымды 1 қойдың бағасы 3-4 қойдың бағасымен тең және жемшөп те ысырап болмайды. Алдағы уақытта асыл тұқымды француздың альпі ешкілері мен Голландияның Saanen ешкілерін өсіруді қолға алсам деймін. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделсе болғаны. Оны өсіріп бағуды зерттеп жатырмын. Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол. Ол жас нәресте үшін дәрумен. Сол себепті ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіруді қолға алмақпын. Өңір тұрғындарына ешкі сүтінен алынған қаймақ пен сүзбе, тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің бірнеше түрін дайындауды да ойластырып жүрмін. Бұл ешкілердің бір ерекшілігі, күніне үш литрге дейін сүт береді, – дейді ол.
Әрине, нәсібін кәсібінен тауып отыруға кім де болса қызығады. Ризығын малдан тауып отырған Әкежанға шаруашылығын өркендетіп, жемісін көре берсін деген тілек білдірдік. Алдағы уақытта мұндай бизнестің өрісін кеңейтуге мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізіп жатса, көпке үлгі боларлық бастама болар еді.