«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына он жылдан асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауында бағдарламаға бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен байланыстырды.
Жалпы, аталған бағдарламаның мақсаты – ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік тарапынан қолдау көрсете отырып, білікті кадр тапшылығын шешу.
Ауылдық елді мекендердегі жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға екі бағытта қолдау көрсетіліп келеді.
Атап айтсақ, бірінші бағыт – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы беру, ағымдағы жылы 306300 теңгені құрады. Екінші бағыт – қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 0,01 пайыздық үстемемен 15 жылға дейін 1500 айлық есептік көрсеткіш немесе 4594500 теңге көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие беру. Ал әлеуметтік қолдау шараларын алған маман ауылдық елді мекенде үш жылдан кем емес жұмыс істеуге міндеттеме алады.
Жобаны іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында 10 жыл ішінде заңнамалы және нормативтік актілерге белгілі бір өзгерістер енгізілген. Тұрғын үй сатып алу немесе салуға бюджеттік несие мөлшері 2011 жылы 630 еселік айлық есептік көрсеткіштен 1500 еселік айлық есептік көрсеткішке дейін, көтерме жәрдемақы 2019 жылы 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары 2013 жылы агроөнеркәсіп кешен саласымен толықтырылып, 2020 жылы ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне қолжетімді болды.
Жоба шеңберінде ұсынылатын әлеуметтік қолдау шаралары ҚР «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының 18-бабының 8-тармағымен регламенттелген. Аталған баптың күші тек ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған және қалалық елді мекендерге қолданылмайды.
2022 жылдың 10 айында 22 маманға 6738,6 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді (5 денсаулық сақтау, 10 білім беру, 2 агроөнеркәсіп кешені, 2 мәдениет, 1 спорт, 2 ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері).
Ал, тұрғын үй сатып алу үшін 5 маманға 22,9 млн теңге бюджеттік кредит берілді (4 білім беру, 1 агроөнеркәсіп кешені).
Prev Post
Next Post