Қидың қызуы мен көмірдің шоғына жылынатын уақыт келмеске кетті. Бүгінгі әлем отын энергетикасының қалдықсыз әрі шығынсыз түрін тұтынуға толық көшті деуге болады. Алайда осы тұста Қазақстанда әлі де табиғи газдың иісі жетпеген аймақтар бар екенін мойындауымыз керек. Тіпті көгілдір отын тұтыну жөнінен алдыңғы орында тұрған Тараз қаласы маңында да бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Яғни тұрғын үй секторы мен өндіріс орындарының әлі күнге дейін орталық газ желісіне қосылмауы қоршаған ортаның ластану қаупін жоғарылатып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да сын болып тұр. Бұл жағдай мемлекет алдындағы өткір мәселенің бірі екені тағы анық.
Дегенме, Әулиеата өңірінде бұл мәселе ретімен шешілуде. Мәселен Жамбыл ауданында тоғыз ауылға бірдей табиғи газ берілмек. Өңірде осыншама елді мекенді көгілдір отынмен бірден қамту бұрын-соңды болмаған. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңге бөлінді.
Бүгінде газ жүйесі толықтай жүргізілген. Тек Ащыбұлақ ауылында құбырларды тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ащыбұлақ ауылында бұған дейін көгілдір отын болмаған. 2500-ден аса тұрғын осы уақытқа дейін ағаш жинап, көмірді пайдаланған. Табиғи газды көп күткендердің бірі – Перизат Ақназарова. Ол ауылға келін боп түскелі қақаған қыста отын тасып, әбден әбігерге түсетін. Енді ол бұл қиындықтың артта қалатынына қуанышты.
– Осы 26 жылдан бері көмір жағып келеміз. Күл шығарып көмір жағып. Тазалыққа да қиын мына жерде, лас болады дегендей. Ал қазір газ келсе, Құдай қаласа, барлығы таза, әдемі болады деп ойлаймын, – дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Перизат Ақназарова.
Елді мекенге газдың қосылатынына ауыл қариялары қуанып жүр. Себебі, жиғанын көмірге жұмсайтын олар, кейде қатты отынның шамадан тыс қымбаттап кететінін айтады.
– 250 мыңға көмір сатып алу үшін екі айлық пенсияны жинау керек. Екі айлық пенсияны жинап, сөйтіп барып алады. Ол көлікке де төлейсің тағы да. Қазір газ келсе, арзан болады ғой. Көп арзан болады, – дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Сәли Тубаев.
Жалпы ауданда 9 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін 114 шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Ал, ауылішілік жұмыстарға облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде ауылдар табиғи газға қосылуға дайын.
– Бүгінгі тұрған Ащыбұлақ елді мекенінде опрессовка жасаймыз. Біз дайынбыз. Енді жалпы орта қысымды газопровод 114 шақырымды құрайды. Біз 9 елді мекенді осы айдың соңына дейін толық қосамыз, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.
Бұған дейін Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 29-і көгілдір отынмен қамтылған еді. Биыл қараша айының соңына дейін 9 ауыл толық газдандырылады. Жоспар орындалса, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 90 процентке жетеді.
Prev Post