Әлемде оқтын-оқтын қайталанып тұратын саяси, экономикалық дағдарыстардан еліміз абыроймен шығып келе жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл дағдарыс та өтеді, соңынан қайта даму, өрлеу кезеңі келеді. Ол үшін біріккен іс-қимыл, еңбек қажет», – деген болатын.
Осыған орай Тәулсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ауданның білім беру саласы қызметкерлерінің алғашқы жылдардағы халқымызбен бірге бастан кешірген ауыр кезеңі жайлы айтып кетуді жөн санадым. Өскелең жас ұрпақ бүгінгі қол жеткен толағай табыстардың, жақсылықтардың қалай келгенін сезініп, жадында сақтауы тиіс.
Білім беру саласын бұрынғы кеңестік кезеңде қалыптасқан құрылымдарынан шығарып, жаңа қазақстандық жүйе құру оңайшылықпен келе салған жоқ. Мұраға екі-үш ауысымды мектептер, апатты жағдайдағы білім беру мекемелері қалды. Жарық, жылу беру мәселелері де өткір тұрды. Электр энергиясы тапшылығынан тек белгіленген кесте бойынша ғана берілді. Отын сатып алуға, білім беру мекемелерін жөндеуге, ұстаздардың еңбекақысына қаржы жетіспей жатты. Көптеген тәжірибелі ұстаздар сүйікті істерін тастап, күн көрудің қамымен мектептен кетіп, сауда-саттықпен айналысты. Сол кездегі аудандық мәслихаттың сессиялары материалдарына қысқаша шолуым барысында төмендегі мән-жайларды өзгеріссіз беріп отырмын.
1994 жыл, 29 маусым.
А.Ниязбекова – сол кездегі аудандық білім бөлімінің бастығы:
«Сартбаев, Гагарин, Ақшабаев, Әуезов орта мектептері типті емес. (Қазір Қалқабай Сартбаев, Юрий Гагарин, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептер заманауи үлгіде салынып, пайдалануға берілді. Е.Т.) Соңғы 3 жылда ешқандай мектепке инвентарь алынған жоқ. Техникалық құралдар істен шығып жатыр. Парта, орындықтар жетіспейді. Биылғы жылы 10 мектепке күрделі жөндеу жүреді. Жылу жүйесі, төбесі, қазандығы, полы ауыстырылды. Ал, осы жөндеудің қай түріне болса да бюджеттен ешқандай теңге бөлінген жоқ. Мектебі бар шаруашылықтар, шағын кәсіпорындар, ата-аналар көмегінің арқасында істеліп жатыр.
Өткен қыста барлық мектепте 9 градус температурада балалар сабақ оқыды. Мысалы, Абай, Төле би, Макаренко, Крупская, Кейкиев, Тарази, Әуезов, Амангелді, Сартбаев мектептері алды 12, арты 3-4 күннен жабылды. Себебі көмір жоқ, бар болса да, оны алатын ақша жоқ. Жылыту қазандықтары істен шыққан. Балалардың сабаққа қатысуы күрт төмендеді. 60-70 пайыз болды.
Тек 9 мектепте компьютер бар. Ал, қалғандары калькулятормен (оның жартысы істен шыққан) жұмыс істейді.
Қазіргі бүкіл қоғамды жайлаған дағдарыс кезеңі мектептерді де қамтып, басқаны айтпағанда, жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықпен, дәптермен қалай қамтамасыз етеміз деген және басқа да көптеген мәселе тұр. Жоғары қазақ кластарына Қазақстан тарихы, алгебра, геометрия, қазақ әдебиеті, қазақ тілі, ағылшын тілі оқулықтары жетіспейді.
1993-1994 жылдары балабақшаға баратын балалар саны күрт төмендеді. Бақшаларда қаражаттың жетіспеуіне байланысты топтар қысқарды. Үш балабақша – «Бақыт», «Росинка», «Ертөстік» мүлде жабылды. Кішкентай бүлдіршіндерге ақша жоқ дегенді қалай түсіндіреміз? 6 айдан бері 15 балабақша жұмыс істемей жатыр. Қалған 9-ының 8 тобы қысқарды. Балабақшаларда қыс мезгілінде бөлме температурасының нормадан төмен болуына байланысты сауықтандыру жұмыстары жүргізілген жоқ. 1993 жылмен салыстырғанда ауру балалар саны 15 пайызға өсті. 415 жұмысшының 276-сы жұмыссыз қалды.
Әлі күнге дейін білім мекемелері қызметкерлері айлықты 2-3 ай кешігіп алады. Сәуір айының айлығын 7 мектеп алған жоқ. (Бұл маусымның 29 күні айтылған жағдай, Е.Т.) Мұғалімдерге жазғы еңбек демалысына берілуі тиіс қаржы мәселесі ашық күйде».
1994 жыл, тамыз айы.
Ж.Жапаров – сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің бастығы:
«Аудан 6 айдың қорытындысы бойынша мұғалімдерге 3.140 мың теңге қарыз. (1994 жылғы аудан бюджеті – 26.667.917 теңге, оның ішінде білім саласына бөлінгені – 13.821.600 теңге. Осыдан аталған қарыздың қаншалықты көп екенін аңғаруға болады, Е.Т.) Қыс маусымына дайындыққа, көмірге ақша таба алмай отырмыз».
С.Умирбаев – бывший депутат районного маслихата:
«В нашей (Асинской, Е.Т.) сельской администрации потребность угля составляет 200 т. Нигде не проводился ремонт. В детсадах Айголек, Сауле требуется ремонт крыши. Владимир Иванович (Синельников – глава райадминистрации, Е.Т.), надо объявлять чрезвычайное положение по подготовке к зиме».
Ә.Баймолдаев – сол кезде Пионер ауылының әкімі: Былтыр жаңа жылға дейін көмірді беріп үлгермедік. Биыл да қаржы тапшылығын көріп отырмыз, айлық ала алмай отырған халық.
В.И.Синельников – бывший глава районный администрации:
«Через 20 дней начнется школа. Еще не завершен ремонт некоторых школ. Не могу допустить, как в прошлом году школы закрывались на 10-15 дней».
А.Керимкулов – бывший депутат районного маслихата:
«Товарищи, сегодня наше государство переживает экономический кризис, характеризующий спадом производства, ростом инфляции и дефицитом бюджета. Мы не знаем те огромные трудности, которые испытывают в быту наши учителя. Третий месяц не выплачивается зарплата, с 1 июня многие учителя уходят в отпуск не получив отпускные. Но все это не должно быть поводом для расхолаживания нашей работы, поводом для снижения уровня нашей работы. На это мы – учителя не имеем никакого морального права, так как от нас с вами зависит будущее нашего суверенного государства».
1996 жыл. 17 ақпан
А.Ниязбекова – аудандық білім бөлімінің бастығы:
«Аудандық білім бөліміне бөлінген 76 млн теңге мұғалімдердің жалақысына да жетпейді. Себебі бір жылдық айлыққа 153 млн теңге қажет».
Құрметті оқырман, осының барлығы болған фактілер. Алдыңғы буын азаматтар бастан кешірген ұмытылмас кезең. Сол бір жылдары дүкен сөрелері бос қалып, ауыл тұрғындарына күнделікті тұтынатын қант, май, күріш, сабын, тіс пастасы арнайы талондармен берілсе, үй жиһаздарының барлық түріне, сырт киім, аяқ киім және тағы да басқалары аудандық, ауылдық әкімдік жанынан құрылған комиссияның шешімімен берілді. Сондай кезеңде тығырықтан шығудың жолдарын іздеп, жас мемлекетіміздің саясатын халыққа дұрыс түсіндіре білгендер қатарында ұстаздар қауымы болғанын мақтанышпен айтуға болады. Айлап тиесілі айлық жалақыларын ала алмаса да, суық мектепте оқушыларды жүректерінің жылуымен қорғаштап, бүгінгідей жақсы уақыттың келеріне нық сенді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен Юрий Гагарин атындағы орта мектепте директор қызметін атқардым. Жоғарыда айтылған қиыншылықтардың барлығын ұжымымызбен, ата-аналармен қосыла бастан өткіздік. Шаруашылық жөніндегі орынбасарым Тұрысбай Серкебаев екеуіміз таң атпай жылу қазандығын аралап, түннің бір уағында да сонда болып, ертесіне сынып бөлмелерінің оқушылар үшін сәл де болса жылы болуын қамтамасыз еттік. Несін жасырамын, ағымдағы жөндеулерді ата-ана, жоқтан жоғары жағдайы бар азаматтардың көмегімен жасап жүрдік. Ол кезде мұндай жұмыстарға бюджетте қаржы жетіспеді. Әр сыныптың ата-аналарының тізімі жасалып, оның ішіндегі жағдайы өте төмен, мүгедектігі барлары босатылып, қалғандарынан 50-100 теңгеден жинап, қолдары қойылып келген тор көз дәптердің парақтары әлі көз алдымда. Мектеп ата-аналар комитетінің көмегі айтарлықтай болды. Комитет басшысы Абакумова (өкінішке орай атын ұмытыппын Е.Т.) жөндеу жұмыстарына қажетті заттарды базардан комиссиямен барып сатып алып, бояу, әктеу жұмыстарының басы-қасында болды.
Міне, осындай ауыр кезеңде ауданымыздың ұстаздары егемен еліміздің болашағы үшін еңбектің ерен үлгісін көрсетті, қиыншылықтарға қарсы тұра білді. Кәсіподақтар үшін де ол кезең сындарлы болды. Заңды құқықтары мен мүдделері объективті жағдайларға байланысты бұзылып отырған әріптестерін сабырға, жұмыс жағдайын қалыпты сақтауға шақырды…
…Бүгінде жағдай мүлде басқа. Оны тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Барлығымыз көріп, сезініп жүрміз. Мемлекетіміз ұстаздар мәртебесін бұрын-соңды болмаған биіктікке көтеріп отыр. Осының барлығы егемендігіміздің жемісі.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мәңгілік болғай!
Ернар Тәжібаев,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.