«Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жоба. Өзара түсіністік, құрмет пен сенім – бұл жобаның негізгі үш тірегі.
Азаматтық қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру, ел азаматтары арасында парасаттылық пен адалдық қағидаттарын нығайту, сол бойынша жедел өзара іс-қимыл жасау көзделген жобада нақты іс-шаралар топтастырылған. Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету сияқты адами ізгі қасиеттерді дәріптеу әрі насихаттау соның ішінде.
Таяуда Шайқорық ауылдық кітапханасында айтулы жоба аясында тұрақты оқырмандардың қатысуымен «Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі» тақырыбында онлайн режімде кездесу-сұхбат ұйымдастырылды.
Басқосуда Жамбыл ауылдық округі әйелдері кеңесінің төрайымы, «Ақ әжелер» үйірмесінің жетекшісі Рыскүл Нұрманова, үйірме мүшесі Әсемкүл Төлегенова тақырып төңірегінде ой бөлісіп, пікір білдірді. Адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы салмақты сөз сабақтап, бүгінгі қоғамда адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыру үлкен маңызға ие екенін алға тартты. Ардақты әжелердің тәлім мен тәрбие турасында айтқан келелі әңгімесін мұқият тыңдаған оқырмандар да өз ойларын ортаға салып, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу әрқашан ізгіліктің нышаны болып қала беретінін тілге тиек етті.
Жанат Ақшалова,
кітапхана меңгерушісі.