Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жан-жақты талқылаудан өтіп, заңгерлер қоғамдастығы үшін, жалпы құқықтық мемлекеттігіміздің одан әрі дамуы үшін маңызды болып табылды.
Жуырда осы Кодекс талаптарын түсіндіру мақсатында М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде семинар өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков және құзырлы орган өкілдері, әкімдіктің бөлім, мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округтің әкімдері қатысты.
Сот төрағасы Досжан Қанатбекұлы ашып, жүргізген жиында облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының судьясы Оспан Мамытбеков сөз алып, жаңа Кодекстің тиімділігі мен артықшылығы туралы кеңінен баяндады.
– Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының нормативтік құжаты. Әкімшілік ресімдік-процестік кодекс биылдан бастап еліміздегі мемлекеттік органдар мен өтініш берушілер арасындағы жұмыс парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Анығырақ айтсақ, Кодекс аясында енді кез келген өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ азаматтар өз өтініштері бойынша дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысу, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.
Кодекстің тағы бір артықшылығы, өтініш беруші мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, одан жоғары сатыда тұрған органға шағымдана алады. Сондай-ақ шешім қабылдаған мемлекеттік органды өз талап-арызымен сотқа беруіне болады. Бұған азаматтардың толық құқығы бар.
Қазіргі таңда елімізде азаматтар арасында мемлекеттік органдарға берген талап-арыздарына жауап ала алмай жүргендері де бар. Алдағы уақытқа Кодекске сәйкес мемлекеттік мекемелер тұрғындардың арыз-шағымдарына сырғытпа жауап беріп, мәселесін шешпей созбалаңға салса, онда сол қызметке жауапты орындаушы ғана емес, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік орган жауап береді. Сондай-ақ сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап-арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін сот енді өтініш берушілерге талап-арызды дұрыс жазуға да көмектеседі, – деді Оспан Мұсабекұлы.
Семинар барысында судья Кодекс аясында әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтын істер, әкімшілік рәсімдердің міндеттері, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті, соттың белсенді рөлі, әкімшілік іс бойынша талап қою түрлері, талап қоюды беру мерзімі, татуластыру рәсімдерін қолдану, сот шешімі, сот бақылауы жайлы талаптарды түсіндірді.
Жиында қатысушылар жаңа Кодекс талаптарын талқылап, аталған жаңашылдықтардың тиімділігін тілге тиек етіп, өз ойларын ортаға салды.
Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ