Сахна саңлақтары дайындалуда

Жамбыл жері – қазақ өнері мен мәдениетінің, асыл ой, ардақты есімдерінің ордасы болған қасиетті өлке. Үлкен өнер жолындағы тұлғаларға туған жерінің қасиеті даритыны хақ. Аудан мәдениетіне еңбек етіп жатқан, әсем дауыстарымен, сырлы да сазды әндерімен елін, жерін сүйсінткен мақтан тұтарлық өнерпаздарымыз жетерлік. Олардың ауданымызға бергені де, берері де таусылмақ емес.

Аудандық мәдениет үйі аудан тұрғындарына сапалы мәдени қызметтер көрсетуді үздіксіз жалғастырып келеді. Өнер ордасында «Аса сазы» халықтық ән-би ансамблі, «Дарын» халық театры, «Зерде» бейнемобилі мен «Камертон» вокалды-инструменталды ансамблінің ұжымдары бар. Сонымен қатар республикалық, облыстық ән байқауларының жеңімпаздары «Әдемі-ай» дуэті, әнші-композитор Нұрғылан Оспанов, Сейілғазы Тәңірберген, Саламат пен Нұршат отбасылық дуэті, «Салбурын» дәстүрлі триосы, «Үміт» қыздар квартеті аудан тұрғындарын өнерімен тәнті етіп, ыстық ықыласына бөленіп жүр. Аудандық мәдениет үйі мен клуб мекемелері жанынан құрылған үйірмелердің жұмысы нақты жоспарға сәйкес жүргізілуде. Үйірмелер жұмысының мақсаты – жаңа уақыт талаптарына жауап бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті мамандарды даярлап, олардың бойында Қазақстандық патриотизмді, төзімділікті, жоғары адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, үйлесімді дамыған жауапты тұлғаны қалыптастыру және өнер-білімге деген құштарлықтарын арттыру. Аудандық мәдениет үйінде «Әсем әуен» ән үйірмесі, «Балауса», «Бәйшешек» балалар би үйірмелері, көркемсөз оқуға, жыр-термеге және ақындық өнерге баулитын үйірмелер тұрақты әрі ақысыз негізде жұмыс жүргізіп келеді. Сондай ақ, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарында да үйірмелер жұмыс атқарады. Осы орайда олардың сұранысқа қарай жаңартылып тұратынын да айтқым келеді. Ауылдық жердегі әртүрлі бағыттағы үйірмелердің жалпы саны 83-ті құраса, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің арнайы тапсырмасына сәйкес үйірме жұмысын жетілдіру мен ауылды жерлердегі балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қосымша 12 штаттық бірлікке үйірме мамандары тартылды. Қазіргі таңда олар дарынды өрендерді ән, би, қолөнер, аспапта ойнау, бейнелеу өнерге баулып отыр. Жалпы саны 95 үйірмеде 1000-ға жуық бала тәлім алады. Бұл үйірмелерге қатысып жүрген жастарымыздың жетістіктері аз емес. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аудандық, облыстық өнер сайыстарында, ақындар айтысы мен түрлі ән байқауларында жүлделі орындардан көрініп жатқан жастарымызбен мақтанамыз. Қорыта айтқанда, үйірме арқылы біз болашақ өнерпаздарды, сахна саңлақтарын дайындап жатырмыз.

Индира ТОҒАНБАЕВА,
аудандық мәдениет үйінің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.