Жуырда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аталған жыр додасы облыс әкімдігі қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасының ұйымдастыруымен он жылдан бері өтіп келеді.
Жыр жүйріктері сынға түсіп жүрген додада талай жас перінің тұсауы кесілді. Биылғы аламан айтыста тағы бір жасөспірімнің, анығырақ айтсақ, Жамбыл ауданынан шыққан мектеп оқушысының жұлдызы жанды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық айтысқа еліміздің әр қиырынан жиырма ақын қатысып, сөз барымтасында кімнің десі басым деген сауалға жауап іздеді. Республикалық жыр додасында бақ сынағандардың тең жартысы жергілікті айтыскерлер екенін айта кеткен жөн. Жамбылдық ақындар өңірде өткен іріктеу айтыстарының қорытындысына сәйкес республикалық додаға жолдама алған болатын.
Айтыстың ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев тізгінді қолға алған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай төраға болған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Роза Мұқанова, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, айтыскерлер Ахметжан Өзбеков, Күміскүл Сәрсенбаева, белгілі журналист Оралхан Дәуіт қазылық еткен жыр додасы өз деңгейінде өтті.
Он жұпты құраған жиырма ақынның алғашқы айналымдағы сөз сайысы көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Абай облысынан келген белгілі айтыскер Рүстем Қайыртайұлы мен Жамбыл ауданының үздігі, 10-сынып оқушысы Алина Айдаралының арасындағы тартысты сөз барымтасына Баласағұн атындағы орталық концерт залға жиналған жұртшылық қошеметті аямады. Сондай-ақ Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина мен жамбылдық Дидар Апбасовтың арасындағы айтыс та жоғары деңгейде өткенін айта кеткен ләзім.
Бірінші айналым аяқталғаннан кейін қазылар алқасы ойласа келе төрт ақынды финалдық кезеңге өткізуді жөн көріпті. Олардың қатарында осы айтыстың жаңалығына айналған жамбылдық жасөспірім Алина Айдаралы да бар. Финалдық кезеңде бірінші боп сахнаға шыққан Рүстем Қайыртайұлы мен оралдық Жансая Мусина арасындағы айтыс көпшілік тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әсіресе Рүстемнің: «Халық – менің шын атым» деген адам, халықты мұқатуы мүмкін емес» деп жырлағаны жұрттың көңіліне қонғаны анық.
Қызылордалық Нұрмат Мансұровпен сөз сайысқа шыққан Алина Айдаралы тәжірибелі қарсыласынан бір мысқал кем түспей, тең дәрежеде айтыс көрсеткенін де айта кеткен жөн. «Жер кіндігін қолыма ұстатса да, Жамбыл жұртын кетпеспін алмастырып» деп жырлаған мектеп оқушысына жерлестері толассыз қошемет көрсетті.
Ала таңнан ымырт үйірілген шаққа дейін созылған республикалық жыр додасының қорытындысында Алина Айдаралы бас жүлдеге лайық деп танылса (1 млн теңге қаржылай сыйлық), Абай облысынан келген адуынды ақын Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынды, Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина екінші орынды, қызылордалық Нұрмат Мансұров үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ Біржан Байтуов, Рауан Хайдар, Жарқын Жұпархан, Дархан Әбдіманат, Мұхтар Қонарбаев, Шапағат Сәбитқызы арнаулы жүлде иегері атанды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да қаржылай сыйлықтан құр қалған жоқ.