Жасыратыны жоқ, нашақорлық қоғам дертіне айналып отыр. Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең өкініштісі, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, мектеп жасындағы жеткіншектерге де ауыз сала бастаған.
Соңғы жылдары есірткінің таралу жағдайы өзгерді. Дәстүрлі есірткіні синтетикалық есірткі деп аталатын жаңа психотроптық заттар ауыстыруда. Олар бағасының арзандығымен, айқын психотроптық әсерімен, тәуелділіктің жылдам қалыптасуымен ерекшеленеді. Осы орайда синтетикалық есірткіні интернет көмегімен немесе электронды төлемдерді қолдану арқылы тарату үрдісі өзекті мәселенің бірі болып тұр. Жасөспірімдер мен жастардың есірткінің денсаулыққа зиянды әсері туралы хабардар болмауы, синтетикалық құралдардың қолжетімділігі жағдайды ушықтыруда. Бұл ретте жасөспірімдер мен жастардың есірткі құрал дарын қолданудың алдын алудың маңызы зор. Кеселдің алдын алу үшін заңды күшейту маңызды. Осы ретте соңғы бірнеше жылда ұлттық заңнамаға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмады. Осыған орай, қылмыстық кодекстің 297-баптың 3-тармағының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалды. Бұл өз кезегінде нашақорлықтың белең алуын тежейді, насихат жұмыстарының жолын кесуге сеп болады.
Ермек САУЫТБЕКОВ, Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.