Бүгінде «гендер» ұғымы жиі еститін сөзімізге айналды. Бұл ұғымның әйел мәселесіне байланысты екенін аңғарамыз. Осы ұғымға терең үңіле қарасақ, «гендер» тепе-теңдікті үйлестіріп отыратын саясат. Гендер биологиялық айырмашылықта емес, қоғамның әлеуметтік ұйымында ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін көрсетеді. Ұлттық гендерлік саясат еліміздің демократиялық дамуының басты негізі болып табылады. Гендерлік теңдік әйел мен ерлер арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтардың, қоғамдықсаяси өмірде өмірлік ұстанымдардың үйлестірілуіне жағдай жасайды.
Осыған байланысты жастардың гендерлік тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып есептелінеді. Қазақстандағы гендерлік саясаттың міндеттеріне әйелдер мен ерлердің билік құрылымдарында тең дәрежеде қатысуына қол жеткізу, сондай-ақ, экономикалық тәуелсіздіктің барлық мүмкіндіктерін бірдей қамтамасыз ету, өзінің бизнесін дамыту және қызмет саласында алға басу, отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау кіреді.
Соңғы жылдары еліміз гендерлік саясатқа баса көңіл бөлуде. Мұндағы мақсат әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады. Себебі, гендерлік саясат – әйелдердің теңдігі және оларды кемсітуге жол бермеуді заң жүзінде бекітудің тәжірибелік құндылығы, өздерінің құқығын іс жүзінде пайдалану мүмкіндігі. Осылайша, әйелдің мәртебесін көтеру арқылы отбасы құндылығын арттыруға бағытталады. Қазіргі қоғамда орын алған ажырасудың көбеюіне тосқауыл қою, отбасындағы әйелге қатысты зорлықзомбылықтардың жиі орын алуы көріністерін жою, әйелдер мен қыздардың, ерлер мен ер балалардың білімге, денсаулық сақтауға, экономикалық ресурстарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және саяси өмірге қатысу үшін тең мүмкіндіктер жасау өте маңызды. Отбасын қолдау, нығайту және әйелдер құқығын қорғау, зорлықзомбылыққа жол бермеу жолында бірталай іс-шара жүзеге асырылуда. Әйелдер ерлермен тең қызмет атқаруда, ана мен баланың әлеуметтік жағдайы реттелуде, заңнама жүзінде де жынысына қарамастан азаматтардың құқықтары тең екендігі Ата Заңымыз – Конституциядан бастап бекітілген. Гендерлік құқық, теңдік сан жылдардан бері әлемдік деңгейде көтеріліп келе жатқан маңызды мәселе болғандықтан, елімізде бұл проблеманың шешім тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Әсел ҮМБЕТҚҰЛОВА, аудандық соттың судьясы.